Риддер ЖЭО-дағы жағдай Үкіметтің ерекше бақылауында тұр
Өңірдің жылыту нысандарында жөндеу жұмыстары аяқталып, ЖЭО-лар іске қосу-баптау кезеңіне дайындалуда.
Шығыс Қазақстан облысына жұмыс сапары аясында ҚР Премьер-Министрінің бірінші орынбасары Роман Скляр Өскемен және Риддер ЖЭО-ларында болды, деп хабарлайды Altaynews.kz сайты.
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстан халқына Жолдауында елдің энергетикалық кешенін жаңғыртуға көп көңіл бөлді. Бұл мәселе Шығыс Қазақстанда да ерекше бақылауға алынған. Мұнда Риддер ЖЭО-ны жаңғырту бойынша ауқымды жұмыстар жүргізіліп жатыр.
Кеншілер шаһарының негізгі жылыту көзі 1956 жылы салынған, онда 6 қазандық пен 4 турбина орнатылды. Белгіленген және қолда бар электр қуаты – 59/59 МВт, жылу қуаты – 247,3/217,3 Гкал/сағ. Негізгі қызмет түрі – жылу және электр энергиясын өндіру, электр қуатын беру.
Риддер ЖЭО-дағы іске қосу-баптау жұмыстары белгіленген кестеге сәйкес жүргізіліп жатыр. №№ 1, 2, 3 қазандық агрегаттарын жөндеу аяқталуға таяды, экрандардың беті құралып, орнатылды, қазандықтар сумен толтырылды.
Нысанды жөндеуге 7,3 млрд теңге бөлінген. Моноқаланың жылыту желілерін қайта жаңартуға биыл 1,1 млрд теңге бағытталды.
Айта кетесек, қазір нысанды мемлекет меншігіне беру жұмыстары жүргізіліп жатыр.
Өскемен ЖЭО-дағы жөндеу жұмыстары өткен жылыту маусымы аяқталғаннан кейін бірден басталған болатын. Биыл осы мақсатқа жұмсалған шығындар 8,6 млрд теңгеден асты, оның ішінде инвестициялар – 7 млрд теңгеден асса, ағымдағы жөндеулер – 1,5 млрд теңгеден астам.
ЖЭО-ның белгіленген жылыту қуаты – 859,9 Гкал/сағ; электр қуаты – 372,5 МВт.
75 т/сағ-тан 500 т/сағ-қа дейінгі 9 қазандық агрегаты және қуаты 4-тен 120 МВт-қа дейінгі 8 турбоагрегат орнатылды.
Өскемен ЖЭО-ның бірінші кезегі 1947 жылы пайдалануға берілген болатын.