Өскемендік кәсіпорын қазақстандық спортшыларды киіндіріп отыр
Жанаргүл Мұқатай
Өткен сегіз айда облыстың жеңіл өнеркәсібінде өндірілген азын-аулақ 2,2 млрд теңгенің өнімінің жартысы тоқыма бұйымдары болса, жартысы киім-кешек. Өзге жақта емес, өзімізде шығарылып жатқан ЖІӨ-нің 0,1 пайызын ғана құрайтын сол киім-кешектердің ішінде өскемендік ALPRIMA өндірістік компаниясы өндіріп отырған тауарлар да бар, деп хабарлайды Altainews.kz.
Өскемендік кәсіпкер Андрей Дегунков ісімді ілгерілетуге алдымен, өндірісімдегі мықты мамандардың, одан соң елімізде отандық өндірісті қолдауға орай іске асырылып жатқан мемлекекеттік бағдарламалардың септігі көп тиді дейді. Шағын кәсіпорындағы сайдың тасындай бесаспап мамандарсыз өзінің ешкім емес екенін айтқан ол мемлекеттік қолдаулардың арқасында жеңілдікпен несие алып, өндірісін өнімділігі жоғары жаңа технологиялармен жабдықтап жатқанын жеткізді.
Ол осыдан он жыл бұрын ашылған өндірісіне қажетті алғашқы станокты мемлекеттен бөлінген үш миллион теңге қайтарымсыз қаржыға өз қаражатын қосып сатып алған екен.
Бұған дейін түрлі-түрлі спорттық киімдерге арнайы логотиптерді, әр түрлі атрибуттарды жапсырып, тігумен айналысып келе жатқан шағын фирма өндіріске қажетті алғашқы станокты алғаннан кейін тәуекелге бел буып біржолата спорттық киімдерді тігуге көшеді.
Қазіргі күні Қазақстандағы сан түрлі спорттық клубтар түгелдей дерлік мемлекеттік тапсырыс арқылы тек отандық өнім өндірушілердің тауарын алуға ден қойып отыр. Оның ішінде алдымен сапасы жоғары өскемендік шағын кәсіпорынның киімдерін таңдап жатады. Бүгінде Қазақстанның барлық хоккей клубтары «ALPRIMAның» басты тұтынушылары. «Барыс», «Торпедо» «Сарыарқа» хоккей клубтары, жалпы, елдегі спорттық клубтардың 70 пайызы осы жерден киініп отыр.
Ресупбликамыздағы жеңіл атлетика, футбол, волейбол клубтарының сайыпқыран спортшылары киіп жүрген спорттық киімдер де өскемендік кәсіпорында, осы жердегі дизайнерлер мен тігіншілердің қолынан шығып жатыр.
2021 жылы Токиода өткен олимпиададан қола тағып қайтқан қазақстандық қос ауыр атлетші Игорь Сон мен Зульфия Чиншанло да зілтемір көтеруге «ALPRIMAның» киімдерімен шыққан.
Шағын кәсіпорын биыл мемлекеттік «Бизнестің жол картасы» бағдарламасы бойынша 8 пайыздық жеңілдікпен несие алып, киім үлгілерін қиятын заманауи қытайлық лазерлік құрал-жабдықтар сатып алған. Автоматтандырылған, өнімділігі аса жоғары жабдықтар адам қолының күшін қажет етпейді. Кәсіпорын «Өндіріс» бағдарламасы бойынша да «Даму» қоры арқылы несие алып отыр. Кәсіпорын басшылығы өндірісті өркендету, келелі мәселелерді кеңесіп шешуге орай облыс кәсіпкерлері палатасымен, кәсіпкерлік және индустриялық-инновациялық даму басқармасымен де бірлесе жұмыс істеп жатыр.
Кәсіпорынның «Даму» қоры арқылы алып отырған несиесінің 14 пайызы мемлекет қаржысымен субсидияланып отыр. 8 пайыз жеңілдікпен берілген несиенің арқасында кәсіпорынға өз өнімдерінің өзіндік құнын түсіруге, осылайша шетелдерден келіп жатқан арзан өнімдермен бәскелесе алуға мүмкіндік туып отыр. Мемлекеттік қолдаудың бизнестегілерге тигізіп отырған шапағаты осындай.
Кәсіпорын басшысы Андрей Геннадьевич алдағы жылдары өскемендік өнімдермен көршілес елдердің нарығына, атап айтқанда Ресей нарығына шығуды көздеп отырғанын айтты.
Мемлекетіміздің спортшы саңлақтарын киіндіріп отырған өскемендік спорттық киімдер өндірісі кәсіпорны зырылдаған құралдармен, тігін станоктарымен бірге күш алып, қарқын алып, алға басып барады.