KZ
Өскемен
-21°
туман жел 1 м/с, З
497.89 520.89 5.47

Жемқорлықсыз болашақ – жастардың қолында (видео)

6.12.2024, 18:30 427 Гульжан Мусина

 

Қоғамның әртүрлі салаларында кең тараған сыбайлас жемқорлық дерті көптеген жағымсыз салдарға әкеп соғуы мүмкін. Сондықтан бұл кеселмен күресу үшін қоғамның барлық мүшелері бірлесе отырып жұмыс істеуі маңызды. Осы орайда  Өскемен қаласында техникалық және кәсіптік білім беру ұйымдарының студенттері арасында «Саналы ұрпақ»  атты облыстық жастар слет-форумы өтті, деп хабарлайды  Altainews.kz  тілшісі. 

Шараға Шығыс Қазақстан облысы білім басқармасы басшысының орынбасары Әлима Ақылбек, ҚР Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігі ШҚО бойынша департаментінің превенция басқармасының басшысы Архат Бейсембаев, ШҚО ішкі саясат басқармасы жастармен және азаматтық қоғам институттарымен жұмыс жөніндегі бөлім басшысы Еркебұлан Балтабеков қатысты.

Ұйымдастырушылар айтып өткендей, шараның мақсаты - техникалық және кәсіптік білім беру ұйымдарында оқитын студенттердің бойында парасаттылықты, сыбайлас жемқорлыққа қарсы сананы қалыптастырып, оқу үдерісінің ашықтығы мен айқындылығын қамтамасыз ету.

- Бұл форум – «Саналы ұрпақ» еріктілер клубының жыл сайынғы дәстүрлі кездесуі. Шарада студенттердің жыл бойы атқарған жұмыстары қортындыланып, жетістікке жеткен жастар марапатталады. «Саналы ұрпақ» клубы арқылы парасаттылық, адалдық ұғымдарының маңыздылығы көрсетіледі және сыбайлас жемқорлықтық қандай да бір көріністерінен ада болу үшін тәрбие жұмыстарына мән беріледі. Клуб жұмысының мақсаты - жастардың құқықтық мәдениетінің деңгейін арттыру, студенттердің мінез-құлқының сыбайлас жемқорлыққа қарсы моделін қалыптастыру және жастарды қазақстандық патриотизм рухында тәрбиелеу, - деді Архат Бейсембаев.

32 колледжде «Саналы ұрпақ» клубы бар

Слеттің ашылу салтанатында 30 колледжден келген 44 студент ант қабылдап, оларға «Саналы ұрпақ» клубының төсбелгісі тапсырылды.

Бірінші курс студенттері «Саналы ұрпақ» еріктілер қатарына қабылдана отырып, «Қазақстан Республикасының патриоты болуға, Отаны мен тілін қастерлеуге, Мемлекеттік рәміздерді құрметтеуге, үлкенге құрмет, кішіге ізет көрсетуге, білімге құштар болуға, салауатты өмір салтын ұстануға, абыройлы, адал, әділетті болуға, өз бойын сыбайлас жемқорлыққа қарсы ұстануға және оны өз достарынан талап етуге салтанатты түрде ант берді.

- «Саналы ұрпақ» клубы жастарды тәрбиелеуде маңызды рөл атқарады. Клубтың жұмысы саналы, білімді, жауапкершілікті азаматтарды тәрбиелеуге ықпал етеді. Олардың қоғамдағы өзекті мәселелерге қатысты өз пікірін еркін білдіруіне, қоғамдық шараларға белсене қатысуына мүмкіндік береді. Облыстағы 32 колледжде «Саналы ұрпақ» клубы жұмыс істейді, онда 3 мыңға жуық студент қатысады. Олардың бастамасымен сыбайлас жемқорлыққа қарсы көптеген іс-шаралар - акция, флешмоб, бейнероликтер мен сурет байқаулары жүйелі түрде ұйымдастырылады. Бүгінгі жиын сыбайлас жемқорлыққа қарсы сананы қалыптастыруға, клубтар арасындағы ынтымақтастықты нығайтуға үлес қосып, тәжірибе алмасуға мүмкіндік береді деп ойлаймын, - деді студенттерді слеттің ашылуымен құттықтаған облыстық білім басқармасы басшысының орынбасары Әлима Ақылбекқызы.

Басқарма өкілінің айтуынша, клубқа қатысушы студенттер жыл бойы өткен республикалық және халықаралық деңгейдегі шараларда да өздерін көрсете білген. Мәселен, биылғы жылдың 18 қазанында ҚР Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің Абай облысы бойынша департаменті өткізген «Абай сөзі – әділдіктің темірқазығы» атты бірінші республикалық зияткерлік ойынында Абай атындағы Шығыс Қазақстан гуманитарлық колледжінің студенттері жүлделі бірінші орынды иеленді.

Қазақстан-Американдық еркін университеті Жоғарғы колледжінің «Саналы ұрпақ» клубы ҚР Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің Жамбыл облысы бойынша департаменті өткізген «Парасат елшісі» республикалық байқауының үшінші кезеңіне жолдама алды.

Сонымен қатар Шығыс Қазақстан колледждерінен 500-ден астам жұмыс Ресей Федерациясының Бас прокуратурасы өткізетін «Сыбайлас жемқорлыққа бірге қарсымыз!» атты жастардың сыбайлас жемқорлыққа қарсы халықаралық жарнамалық байқауына қатысуға жіберілгендігі айтылды.

- Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Ұлттық Құрылтайда айтқан сөзінде қазіргі қоғамдағы бес кеселді атап өткен болатын. Ол - нашақорлық, лудомания, буллинг, қоғамда болып жатқан әр түрлі жағдайларға төзбеушілік және ысырапшылдық.  Осы ысырапшылдықтың негізінде сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес жатыр. Бұл күрес күнделікті жүргізілуі тиіс. Біз департаментпен бірлесіп, арнайы жобаны іске асырудамыз. Оның мақсаты – жастар арасында сыбайлас жемқорлыққа төзбеушілікті қалыптастыру. Білімді, тәрбиелі, бәсекеге қабілетті маман жемқорлыққа жол бермейді. Жемқорлыққа қарсы мықты күрес арқылы ғана біз әділ әрі дамыған қоғам құра аламыз», - деді ШҚО ішкі саясат басқармасы жастармен және азаматтық қоғам институттарымен жұмыс бөлімінің басшысы Еркебұлан Балтабеков.

«Адалдық» кубогын Өскемен құрылыс колледжі жеңіп алды

Шара барысында бір алаңда студенттер үшін «Жемқорлық - ғасыр дерті» зияткерлік ойыны өтсе, екінші алаңда техникалық және кәсіптік білім беру ұйымдарының тәрбие ісі жөніндегі  орынбасарлары үшін дөңгелек үстел отырысы ұйымдастырылды.

Слет аясында постерлер сайысы, эссе сайысы, роликтер сайысының жеңімпаздары марапатталды. Ал ауыспалы «Адалдық» кубогын Өскемен құрылыс  колледжінің студенттері жеңіп алды.  

Сонымен қатар Қазақстан Республикасының Сыбайлас жемқорлыққа қарсы агенттігінің 10 жылдығына орай, сыбайлас жемқорлыққа қарсы жобаларды жүзеге асыруға белсене қатысып, қоғамда сыбайлас жемқорлыққа қарсы мәдениетті қалыптастыруға елеулі үлес қосқаны үшін:

- С.Аманжолов атындағы ШҚУ-дың тәрбие және әлеуметтік жұмыс жөніндегі проректоры Жаннета Қалимолдина;

- ШҚО қоғамдық кеңесінің сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл комитетінің төрағасы Әнуарбек Мұхтарханов;

- «Қазжол» ғылыми-зерттеу институтының ғылыми кеңесшісі Нұрлан Нұғыманов;  

- ШҚО ішкі саясат басқармасының басшысы Серік Жеңісов;

- ШҚО ішкі саясат басқармасы жастармен және азаматтық қоғам институттарымен жұмыс бөлімінің басшысы Еркебұлан Балтабеков;

- ШҚО білім басқармасының бас маманы Гүлмира Ильясова;

- Қазақстан-Американдық еркін университеті Жоғарғы колледжі директорының тәрбие жұмысы жөніндегі орынбасары Салтанат Амангелдина;

- Глубокое аграрлық колледжі директорының орынбасары Айгүл Дәулетова;

- Өскемен құрылыс колледжі директорының орынбасары Раушан Смаилова;

- Өскемен жоғары политехникалық колледжі директорының орынбасары Алуа Бақытханқызы;

- Ағайынды Абдуллиндер атындағы колледж директоры Альмира Дюсупова марапатталды.

Сайыс жеңімпаздары марапатталды

Слет-форум аясында қашықтан үш түрлі сайыс өткізілгендігін атап өткен жөн. Олар - «Жемқорлыққа жол жоқ» үздік постер байқауы, «Жемқорлықсыз әлем» үздік бейнеролик байқауы және «Адалдық -  адамдық бейнесі» атты үздік эссе байқауы.

«Жемқорлыққа жол жоқ» үздік постер байқауының жеңімпаздары:

1 орын -  «Халық әртістері ағайынды Абдуллиндер атындағы Шығыс Қазақстан өнер училищесінің» студенті Алиса Ройгер;

2 орын - «Өскемен қызмет көрсету саласы колледжінің» студенті Алина Фаттахудинова;

3 орын - «Риддер колледжінің» студенті Диана Жиркова.

Глубокое аграрлық колледжінің студенті Елизавета Штайгер, Өскемен құрылыс колледжінің студенті Никита Зиновьев және  Үлкен Нарын колледжінің студенті Данил Минин Қазақстан-Американдық еркін университеті Жоғарғы колледжінің «Студенттік өзін-өзі басқару кеңесінің» арнайы номинациясымен марапатталды.

«Адалдық -  адамдық бейнесі» атты үздік эссе байқауының жеңімпаздары:

1 орын - Абай атындағы Шығыс Қазақстан гуманитарлық колледжінің студенті Гүлдана Балташ;

2 орын - Марқакөл ауылдық мектеп-интернат-колледжінің студенті Ілияс Қабдылманапов;

3 орын - Зайсан технология колледжінің студенті Ақниет Серіков.

«Жемқорлықсыз әлем» үздік бейнеролик байқауының жеңімпаздары:

1 орын – Өскемен құрылыс колледжінің студенті  Рамзан Гапонов;

2 орын - Өскемен жоғары политехникалық колледжінің студенті Жомарт Әлібеков;

3 орын -  Шемонаиха колледжінің студенті Софья Байгиреева.

«Халық әртістері ағайынды Абдуллиндер атындағы Шығыс Қазақстан өнер училищесінің» студенті Ақжан Елимесов Қазақстан-Американдық еркін университеті Жоғарғы колледжінің «Студенттік өзін-өзі басқару кеңесінің» арнайы номинациясымен марапатталды.

Айжанат Бақытқызы

Біздің Instagram парақшамызға жазылыңыз

Жаңалықтарды ең бірінші болып оқыңыз

жазылу