Өңірдің нейрохирургтары он шығысқазақстандыққа жаңа технологияларды қолдана отырып, күрделі оталар жасады. Облыстық мамандандырылған медициналық орталығы инновациялық медицина бөлімшесінің мамандары үшін мастер-класты Астана қаласындағы Ұлттық нейрохирургия орталығының жетекші маманы Бауыржан Қонақбаев өткізді, деп хабарлайды Altainews.kz тілшісі.
Шығыс Қазақстан облыстық мамандандырылған медициналық орталығының инновациялық медицина бөлімшесі мен Ұлттық нейрохирургия орталығы арасында технологиялар трансферті туралы меморандум бекітілген. Қазақстандағы жетекші мамандардың бірі, қан тамырлары және функционалдық нейрохирургия бөлімшесінің ординаторы Бауыржан Қонақбаев өскемендік әріптестеріне тәжірибесімен бөлісуге келді. Екі күн ішінде он науқасқа ми аневризмасының күрделі түрлеріне ота жасалды.
– Біз соңғы үлгідегі стенттерді орнаттық, ерекшелігі– оның арнайы жабыны бар және ол қанның ағынын бағыттап отырады. Бұл технология мидың күрделі аневризмаларын кішкене ғана тесік арқылы емдеуге мүмкіндік береді. Стенттер қан ұйып қалудың алдын алатын, қанның жеткізілуін қамтамасыз ететін, стенттің дұрыс орналасуына ықпал ететін арнайы затпен қапталған. Инновациялық хирургия бөлімшесіндегі әріптестерім бұл оталарды өте сәтті жасап шықты. Мамандардың кәсібилік деңгейі де, нозологиялар саны да артып келе жатқаны қуантады, халыққа жоғары технологиялық көмектің хирургиялық көлемі артып келеді. Клиника ең күрделі операцияларды жасауда қажетті медициналық жабдықтармен тамаша жабдықталған, – деп бөлісті Бауыржан Асқарұлы жаңа инновациялармен.
Серебрянка қаласының жас тұрғыны Ақжолтай Охрашева көптеген жылдар бойы басы қатты ауырғанын, адам төзгісіз ауырсынудан зардап шеккенін айтады. Дәрігерлер тексеру барысында оның өте күрделі ми аневризмасы бар екенін анықтады. Сондықтан науқас елордалық нейрохирургтың шеберлік сыныбы аясында ота жасау үшін таңдалып алынды.
Ақжолтай операциядан кейінгі жағдайы туралы көзіне жас ала отырып айтып берді.
– Мен ояндым да, өзімді біраз бақылап жаттым. Сосын мені қатты азапқа салатын ауырсынудың енді жоқ екенін түсіндім. Менде өмір сүргім келмейтін кездер болғанын жасырмаймын. Хирургтар мені құтқарып қалды, оларға шексіз алғысымды білдіретін лайықты сөз де таба алмаймын. Олар таңғажайып нәрсе жасады,– дейді науқас.
Сондай-ақ, мастер-класс аясында пациенттердің өмір сүру сапасын едәуір жақсартуға мүмкіндік беретін екі микрохирургиялық ота жасалды. Науқастардың бірі – 62 жастағы Нұрсұлу Жоламанованың бүкіл денесін шыдамсыз ауырсыну құрсағаны соншалықты, оның тіпті тістерін тазалауға да шамасы келмейтін. Тамақ ішудің өзі мұң болатын, өйткені басын сәл қозғанның өзінде тоқ соққандай әсер ететін спазма болды.
Енді операциядан кейін Нұрсұлу Жоламанова өзінің бұрынғы адам төзгісіз ауырсынғанын еске алудан да қорқады.
– Мен отадан кейін палатада өз-өзіме келген кезде бірінші кезекте қолымды абайлап бетіме тигізіп көрдім, ешқандай ауырсыну жоқ! Мен ақырындап басымды бұрдым, денемді құрыстырған қорқынышты құрысуларды сезбеймін. Білесіз бе, мен жылап жібердім. Бұл мен үшін сөзбен жеткізу мүмкін емес бақыт екенін түсінесіз бе?! Орнымнан тұра салысымен жалма-жан тістерімді тазалап көрдім, еш жерім ауырмаған соң рахаттана тазаладым. Мен көрген азапты басынан өткермегендер мұны, әрине, түсінбейді. Дәрігерлер менің құтқарушыларым, мен олар үшін жаратқаннан жақсылық тілеуден жалықпаймын. Олар игі істері үшін қандай құрметке болса да лайық, – деді Нұрсұлу Жоламанова.
Нұрсұлудың қалыпты өмірге оралуына заманауи технологиялар көмектесті. Науқасқа жасалған отаны қысқаша түсіндірсек, бір-біріне тиіп, қажалатын нерв пен артерияны нейрохирургтер трепанациялық кішкене тесік арқылы микроскоппен қарап, бөлді, олардың арасында қабат жасады, енді олар бір-біріне тимейді.
– Біз медицина терминімен айтқанда, жүйке тамырының микроваскулярлық декомпрессиясын жасадық, яғни бір-біріне тиіп, қажалатын нерв пен артерияны трепанациялық кішкене тесік арқылы микроскоппен қарап, бөлдік, олардың арасында қабат орнаттық. Сондай-ақ, дәл осы әдіспен енді бет нервісі мен артерия арасындағы ауырсынуды бастық, беттің өз еркінен тыс тартылуын тоқтаттық. Осындай косметикалық ақауларды түзеуде аталмыш технология қазіргі таңда ең тиімді әдіс, – дейді елордалық нейрохирург.
– Барлық жоғары технологиялы операция МӘМС шеңберінде тегін жасалды. Бауыржан Қонақбаев клиниканың инновациялық медицина бөлімшесінде манипуляциялардың радикалдылығы мен тұтастығын арттыруға мүмкіндік беретін соңғы үлгідегі ангиографтың және әлемдік тәжірибеде ең керемет деп саналатын KINEVO операциялық роботтандырылған микроскопы сияқты аппараттардың болуын жоғары бағалады, – деген түсініктеме берді Медициналық сақтандыру қоры облыстық филиалының баспасөз қызметінде.
- Ұлттық нейрохирургия орталығы – бұл біздің бас офисіміз, онда біз семинарларға қатысып, мамандандырудан өтеміз, біліктілігімізді арттырамыз, – деп атап өтті облыстық мамандандырылған медицина орталығы инновациялық медицина бөлімшесінің меңгерушісі Жандос Уап. – Біз осындай операцияларды жасаймыз, бірақ ота жасайтын жерге қол жеткізу қиын болатын өте күрделі жағдайлар кездеседі. Сондықтан біз Бауыржан Асқарұлының мол тәжірибесін қажет ететін он кейсті таңдадық. Қазір асқыну қаупін едәуір төмендететін және пациенттердің қауіпсіздігін арттыратын озық құрылғылар енгізілуде. Біз қалай жасау керектігін көрдік, теориялық жағынан оқып, үйрендік, енді өз бөлімшемізде жетілдіріп, қолданатын боламыз.
Айна Ескенқызы