Қасым-Жомарт Тоқаев Ресейге мемлекеттік сапармен барды
Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев Ресей Президенті Владимир Путиннің шақыруымен Мәскеуге мемлекеттік сапармен барды. Внуково-2 әуежайында Мемлекет басшысын жоғары деңгейде қарсы алу рәсімі өтті, деп хабарлайды Altainews.kz.
Внуково-2 әуежайында мәртебелі мейманның келуіне орай Мәскеу гарнизонының құрмет қарауылы мен әскери үрмелі оркестрі сап түзеді.
Мемлекет басшысын Ресей Үкіметі Төрағасының бірінші орынбасары Денис Мантуров және өзге де ресми тұлғалар қарсы алды. Екі елдің мемлекеттік әнұрандары шырқалды.
Айта кетейік, Қасым-Жомарт Тоқаев мемлекеттік шекарадан өткен сәттен Мәскеу әуежайына қонғанға дейін Ресейдің әуе кеңістігінде Президенттің бортымен бірге РФ Қорғаныс министрлігінің Су-35 ұшақтары қапталдасып ұшты.
Жалпы Мәскеу Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың мемлекеттік сапарына барынша дайындалды. Қазақстанның көк туы Ресей астанасының көшелерінде желбіреді. Ал қаладағы көрікті жерлердің бірі – Останкино телемұнарасы біздің байрақпен безендірілді.
Президент Ресейге жасаған сапарын Мәскеу мемлекеттік халықаралық қатынастар институтының студенттерімен кездесуден бастады.
Студенттер Мемлекет басшысына қазақ тілінде тіл қатты. Олар Қасым-Жомарт Тоқаевтың еңбектерінде көрініс тапқан дипломатия мен ашықтық қағидалары институтта үлгі ретінде оқытылатынын айтты. Сондай-ақ жастар Абай Құнанбайұлының шығармашылығына зор қызығушылық танытты.
Мемлекет басшысы олардың қазақ тіліне деген ынтасына жоғары баға беріп, сәттілік тіледі.
Фото: Ақорда









