ШҚО әкімінің Өскемен тұрғындары алдындағы есеп беру кездесуі басталды
Қазіргі кезде Өскемен қаласында Шығыс Қазақстан облысының әкімі Нұрымбет Сақтағановтың тұрғындар алдында есеп беру кездесуі өтіп жатыр. Кездесу ашық сұхбат форматында өтіп, 2025 жылғы әлеуметтік-экономикалық даму қорытындылары мен алдағы кезеңге арналған негізгі басымдықтар талқылануда, деп хабарлайды Altainews.kz.
Кездесу Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаевтың ағымдағы жылдың 8 қыркүйегінде жариялаған «Жасанды интеллект дәуіріндегі Қазақстан: өзекті мәселелер және оны түбегейлі цифрлық өзгерістер арқылы шешу» атты Жолдауында айқындалған міндеттер аясында өтуде. Президент алдағы үш жыл ішінде Қазақстанды толыққанды цифрлық елге айналдыруды және экономиканың барлық саласына жасанды интеллектіні кеңінен енгізуді тапсырған болатын.
2025 жылдың 11 айының қорытындысы бойынша өңірдің әлеуметтік-экономикалық дамуында оң динамика қалыптасты. Жалпы жұмыссыздық деңгейі 4,6 пайызды құрап, жыл басынан бері 25 мың жұмыс орны ашылды, оның ішінде 19 мыңы – тұрақты. Орташа айлық жалақы 9,5 пайызға өсіп, 403 мың теңгеге жетті.
Экономиканы әртараптандыру және өсім қарқынын арттыру мақсатында облыста өңірлік жобалау кеңсесі құрылып, барлық қала мен аудандар бойынша экономикалық өсім нүктелерінің бесжылдық жоспарлары бекітілді. Жалпы инвестициялар көлемі 2,8 трлн теңгені құрайды, оның ішінде жеке инвестициялар – 2,3 трлн теңге.
Өскемен қаласы өңірдің негізгі экономикалық және индустриялық орталығы ретінде дамуын жалғастыруда. Қаланың 2029 жылға дейінгі даму жоспарына сәйкес, 378,6 млрд теңге бюджет қаражаты және 744,4 млрд теңге жеке инвестиция тарту көзделген.
Соңғы екі жылда облыс орталығында бірқатар ірі инвестициялық жобалар іске қосылды. Атап айтқанда, Меновное ауылында тәулігіне 60 тонна астық өңдейтін ұн тарту комбинаты пайдалануға берілді. Қалада «А» класты алғашқы фармацевтикалық терминал іске қосылып, заманауи сауда инфрақұрылымы дамыды. «Гостиный двор» және «12 ай» сауда үйлері ашылып, биыл «Maxi Mall» ірі сауда-ойын-сауық орталығы пайдалануға берілді. Сонымен қатар «Заречный» базарындағы жаңа сауда орталығы мен 20 мың тоннаға арналған астық сақтау қоймасының құрылысы аяқталуға жақын.
Өскемен қаласы еліміздің ең ірі өнеркәсіптік аймақтарының бірі болып табылады. Қала аймақтың өнеркәсіптік құрылымының 78,7%-ін қамтиды. Облыс орталығының өнеркәсібінде ең үлкен үлес өңдеу өнеркәсібіне тиесілі – 95%-тен астам, оның ішінде негізгі салалар – бағалы және түсті металдар өндірісі. Қаланың негізгі кәсіпорындары: «Казцинк» (қорғасын, мырыш, мыс, алтын, күміс өндіру), «Өскемен титан-магний комбинаты» (титан құймалары мен қорытпаларын өндіру), «Үлбі металлургия зауыты» (уран, бериллий, тантал өнімдері).
Өскемен арматура зауыты жергілікті өнім өндірісін дамыту үшін Каспий консорциумымен ынтымақтастық келісіміне қол қойды. Қалада заманауи құрылыс кластерін құру бағытында кірпіш, газдалған бетон блоктары, құрғақ қоспалар мен бояулар шығаратын кәсіпорындар іске қосылуда. «Aзия Авто Қазақстан» алаңы машина жасау кластерін дамытуға мүмкіндік береді, бұл жұмыс орындарын арттырып, экспортқа бағытталған өндіріс қалыптастырады.
Инвестициялық жобаларды іске асыруға ерекше көңіл бөлінуде. Биыл облыста 53,2 млрд теңгеге сегіз инвестициялық жоба жүзеге асырылуда, оның ішінде қалада төрт жоба бар – 43,1 млрд теңгеге. Келесі жылы 46,9 млрд теңгеге сегіз инвестициялық жоба іске асырылады, мыңнан астам жұмыс орны құрылады, соның ішінде «Востокмашзавод» (33,8 млрд теңге) және «Өскемен арматура зауыты» (5 млрд теңге) қуаттарын жаңғыртатын ірі машина жасау кәсіпорындары бар.
Шағын және орта бизнес қаланың экономикалық дамуына маңызды үлес қосуда. Өскеменде 42 мың бизнес субъектісі тіркелген, бұл облыстың 60%-тен астамын құрайды. Жеке кәсіпкерлер саны 30 368 бірлік, бұл облыстың жалпы санынан 67%-ке тең. Мемлекеттік қолдау арқылы резеңке және пластмасса бұйымдарын өндіру, ағаш ойыншықтар жасау және мультимедиялық сыныптарды ашу сияқты жобалар жүзеге асырылуда.
Қаланың агроөнеркәсіптік кешені облыстың ауыл шаруашылығы көлемінің 6%-ін құрайды. Биыл қаланың егістік алқабы 8,2 мың гектарға жетті, бұл өткен жылмен салыстырғанда 1,1 мың гектарға көп. Дәнді дақылдар – 26,6%, майлы дақылдар – 30,3%, жемшөп – 15,9%, көкөністер – 9,4%, картоп – 17,7% қамтиды. Мал саны: 4,1 мың бас ірі қара, 4,5 мың бас қой мен ешкі, 2,5 мың жылқы. Ағымдағы жылы барлық санаттағы шаруашылықтарда 1,4 мың тонна ет өндірілді.
Өскемен агломерациясы ауыл шаруашылығы өнімдерін өңдеудің негізгі орталығы болып қала береді. Мұнда майлы және дәнді дақылдарды, сүт пен ет өнімдерін өңдейтін ірі кәсіпорындар – «Шығыс-Сүт», «Эмиль», «Май», Өскемен ұн комбинаты және басқа зауыттар бар. Биыл «Шығыс-Сүт» компаниясы ірімшік өндірісін кеңейту жобасын жүзеге асыруда. Заманауи «Алтай май» зауыты майлы дақылдарды өңдеуге және экспорт әлеуетін арттыруға мүмкіндік береді. «Алтай» көтерме және бөлшек сауда орталығы фермерлерге өнімдерін делдалсыз сатуға мүмкіндік берді.
Өскемен – «Қала – Тау – Көлдер» туристік кластерінің орталығы, қала және көршілес аудандар бір сағаттық қолжетімділікте. Табиғи, мәдени және рекреациялық нысандар қаланың жанында орналасқан. Қалада мәдени, гастрономиялық, оқиғалық, белсенді және сауықтыру туризмін дамытуға қолайлы жағдайлар қалыптасқан. Негізгі бағыттар – жағалауларды дамыту, археопаркты жаңғырту, «Ақбауыр», тау-шаңғы және көпфункционалды концерт орталығын салу, халықаралық қонақ үйлерді тарту.
Қалада қызмет көрсету саласы дамуда: «Құрт» және «Екі өзен» мейрамханалары Қазақстанның ТОП-20 мекемесіне кірді. Қалада жыл бойы туризмге арналған инфрақұрылым – жағажайлар, мұз айдындары, тау-шаңғы базалары жұмыс істейді. Медициналық туризм де дамуда: ЧЕК-АП қызметтері ұсынылады, Қазақстандағы бағасы – 500 доллар. Биыл қалаға 108 мың турист келді.
Бұқтырма көпірі пайдалануға берілді, жаңа аэропорттар салынып жатыр. Өткен жылы 710 км, ағымдағы жылы 856 км жол жөнделді. Жолаушылар көліктеріне 9,3 млрд теңге субсидия беріліп, 45 автобус және 14 микроавтобус сатып алынды. Жоспарда «мобильдік қызмет ретінде» моделін енгізу және интеллектуалды транспорттық шешімдерді қолдану қарастырылған.
Су желілерін салу және реконструкциялау жобалары жүзеге асырылды, қала тұрғындарының 100%-і таза суға қол жеткізуге мүмкіндік алды. Жобалар экологиялық қауіпсіздікті қамтамасыз етеді. Жылу жүйесінің тұрақтылығы үшін субсидиялар беріліп, жаңа қазандықтар мен ЖЭО-лар құрылысы жоспарланған.
Жаңа тұрғын үйлер салынып жатыр, бірақ инфрақұрылыммен толық қамтамасыз ету басты шарт. 2024-2025 жылдары «Бір қабатты Шығыс» бағдарламасы бойынша 19 бірқабатты үй және 309 пәтер пайдалануға берілді. Кредиттік және коммерциялық тұрғын үй құрылысын жүргізу жалғасуда. 35 жаңа тұрғын кешені салынып жатыр, жобалардың жалпы ауданы – 3,2 млн шаршы метр.
Облыс халқының 97,9%-і интернетке қол жеткізе алады, қалалық мобильді интернет 3G және 4G желілерімен қамтылған, 52 5G базалық станция жұмыс істейді. «Ақтаңдақтарды» жою және оптикалық желілерді кеңейту бойынша жұмыстар жүргізілуде.
Қалада 101 мектепке дейінгі мекеме бар, 14 700 балаға қызмет көрсетеді. 2025 жылы 359 жаңа орын құрылды, 2026 жылы 670 орындық үш балабақша ашу жоспарлануда. 347 мектепте 49 мыңнан астам оқушы білім алады. Кей аудандарда оқушы орындарының тапшылығы сақталып, ЖМК (КШТ) шағын ауданында ең өзекті мәселе – 1406 орынның жетіспеушілігі.
ШҚО Гематология орталығы салынып жатыр. Мемлекеттік-жекеменшік әріптестік арқылы Нефрология орталығы құрылуда. Медициналық жабдықтармен қамтамасыз етілу – 89%. Медицина қызметкерлерін оқыту үшін шетелдік клиникаларға жіберу жалғасуда. Туберкулезден өлім-жітім 15,8%-ке төмендеді, қатерлі ісіктен өлім-жітім 9,4%-ке азайды.
Есеп беру кездесуінің соңында ШҚО әкімі тұрғындардың сұрақтары мен ұсыныстарын тыңдайды.
Фото:
Артем Жигулин
Махаббат Ахметжанова



