Өскеменді “сұр түстіліктен” арылтқымыз келеді – әкім
«Өскеменді “сұр түстіліктен” арылтып, мың бояулы қалаға айналдырғымыз келеді», – дейді қала әкімі Жақсылық Омар.
Өскеменнің әкімі әлеуметтік желідегі парақшасында қаланың бет-бейнесіне қатысты ойымен бөлісті, деп хабарлайды Altaynews тілшісі.
– Әр қаланың өз бет-бейнесі бар. Қаланың бет-бейнесі – ең алдымен, көшелер. Алтайды көруге келген адам бірінші Өскеменге түсетіні белгілі. Сондықтан шаһардағы тротуарлар мен скверлер, фонтандар, Ертіс пен Үлбі жағалаулары, орталық көшелердің бойында тұрған көпқабатты үйлер – бәрі-бәрі қаланың архитектуралық бет-бейнесі, – дейді шаһар басшысы.
Әкім Өскеменнің үлкен туристік аялдамаға, яғни Алтайға кірер қақпа-қалаға айналатынына сенім білдіріп отыр. Ол үшін осы жолда тоқтамай жұмыс істеу керек екенін алға тартты.
– Көпқабатты үйлердің барлығы – жекеменшік мүлік. Соған қарамастан, біз Заңдағы соңғы өзгерістерге сүйене отырып, үйлердің сыртқы бет-бейнесін, былайша айтқанда, фасадын жөндеуге кірісіп те кеттік. Ең алдымен, әрине, үлкен көшелер мен негізгі даңғылдардың бойында тұрған үйлерден бастаймыз. Биыл 21 көпқабатты ғимараттың қасбетін жаңартсақ, 2025 жылға дейін жүзден астам үйдің өңі кіреді. Подъездер немесе басқа инфрақұрылымдарды жөндеуге құқығымыз жоқ, бағдарлама тек үйлердің архитектуралық бет-бейнесін жаңартуға бағытталған, – дейді ол.
Ал бояу түстері бірыңғай стандарттар және дәстүрлі ережелерге сәйкес таңдалып, қаланың тарихи бөлігінің де дәстүрлі реңі сақталмақ екен.
– Барлық стандарттар мен ережелер өскемендіктердің талғам және таңдау талқысынан өткен. Бұл бастама шығыстың жасыл қаласын түлетіп, түрлендіріп тастайтынына күмәнім жоқ, – деп қорытындылады өз ойын Жақсылық Омар.
Оқи отырыңыз