KZ
Өскемен
+9°
ясно жел 1 м/с, ОБ
479.23 534.96 5.16

Алтын, көмір, темір, мұнай, мыс кен орындары мемлекетке қайтарылды

Фото: egemen.kz

3.08.2023, 16:39 184

Премьер-Министрдің бірінші орынбасары Роман Скляр қатты пайдалы қазбалар мен көмірсутек шикізаты кен орындарын мемлекет меншігіне қайтару мәселесі бойынша кеңес өткізді.

Үкімет шарт талабын бұзған жер қойнауын пайдаланушылармен жасалған келісімшарт, лицензияларды қайта қарау бойынша жұмыс жүргізіп жатыр, деп хабарлайды Аltaynews primeminister.kz ресурсына сілтеме жасап.

Осылайша,  жүргізілген талдау нәтижелеріне сәйкес, уәкілетті органдар 118 келісімшартты (2023 жылдың басынан бері – 19 келісімшарт) және қатты пайдалы қазбалар (ПҚҚ) бойынша 245 лицензияны (2023 жылдың басынан бері – 42 лицензия), көмірсутек шикізаты бойынша 27 келісімшартты (2023 жылдың басынан бері – 15 лицензия) бұзды.

Нәтижесінде алтын, көмір, темір, мыс, көмірсутектер, бокситтер, полиметалдар және өзге кен орындары мемлекеттік қорға қайтарылды. Олар кейіннен жаңа инвесторларға беру үшін ашық аукционға шығарылады. Бұл жер қойнауын пайдалану саласында қосымша инвестициялар ағынын қамтамасыз етеді.

Қазірдің өзінде 2023 жылы өткізілген аукциондардың қорытындысы бойынша ел бюджетіне 1,5 млрд теңге көлемінде қол қою бонусы төленді. Бұл ретте көмірсутегі шикізатын барлау бойынша жаңа инвестициялар 15,7 млрд теңгеден асады.

Жер қойнауын пайдалану құқығын беру бойынша аукционға барлық мүдделі инвесторлар қатыса алады. Оларды өткізу туралы ақпарат міндетті түрде республикалық мерзімді басылымдарда және мемлекеттік органдардың интернет-ресурстарына орналастырылады.

Бұл ретте уәкілетті органдар қаржылық міндеттемелерді бұзған жер қойнауын пайдаланушыларға айыппұл санкцияларын қолдану бойынша жұмыс жүргізіп жатыр. Осылайша, мемлекет есебіне қатты пайдалы қазбалар бойынша 934 млн теңге айыппұл өндірілді (2023 жылдың басынан бері 603 млн теңге), көмірсутек шикізаты саласындағы 9 келісімшарт бойынша 1,94 млрд теңге берешек өтелді.

Үкіметтің жер қойнауын пайдалану саласын одан әрі дамыту жөніндегі жұмысы жалғасады.

Біздің Instagram парақшамызға жазылыңыз

Жаңалықтарды ең бірінші болып оқыңыз

жазылу
Кликните на изображение чтобы обновить код, если он неразборчив