Жол ережесін бұзған самокатшыларға айыппұл салынады
Фото: egemen.kz
30 тамыздан бастап жол ережесін бұзған самокатшыларға айыппұл салына бастайды.
Президент 29 маусым күні «Жол қозғалысын ұйымдастыру мәселелері бойынша кейбір заңнамалық актілерге өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» Заңға қол қойған, деп хабарлайды Altaynews Қазақпарат агенттігіне сілтеме жасап.
Аталған заң бүгін күшіне енді.
Осы заң арқылы «Жол қозғалысы туралы» Заңға түзетулер енгізілді, олар көлік құралдарының жаңа түрлерінің – «Электрлі скутер» мен «Шағын электрлі көлік құралдарының» мәртебесін анықтады. Шағын электр көлігіне гироскутерлер, сигвейлер, монокөліктер, электр скейтбордтар және басқа түрлері жатады.
Ал электрлі скутер – екі немесе үш дөңгелегі бар, электр қозғалтқышын пайдалану арқылы бір адамның қозғалуына арналған, орындығы жоқ, максималды конструктивтік жылдамдығы сағатына 25 шақырымнан аспайтын электрлі көлік құралы.
Қолданыстағы заңнамада осы заңбұзушылықтар үшін жауапкершілік қарастырылған. Осылайша, құқық бұзушылықтар анықталса, олар ӘҚБтК 593-бабы (5 АЕК айыппұл) немесе ӘҚБтК 620-бабы (ескерту немесе 3 АЕК айыппұл) бойынша жауапқа тартылады.