KZ
Өскемен
-11°
переменная облачность Штиль
498.34 519.72 4.85

2025 жылға дейін облыс орталықтары 5G интернетпен қамтылуы тиіс - Президент

12.10.2023, 11:57 227 Ләззат Қанатқызы

Ұлттық статистика бюросын нағыз цифрлық ведомствоға айналдыратын маңызды реформаны жүзеге асыру керек.

Бұл туралы Digital Bridge 2023 халықаралық технологиялық форумында Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев айтты, деп хабарлайды Altaynews тілшісі Kazinform агенттігіне сілтеме жасап.

- Ұлттық статистика бюросын нағыз цифрлық ведомствоға айналдыратын маңызды реформаны жүзеге асыру керек. Статистикалық және басқа да деректерді ретке келтіру үшін кешенді шаралар қабылдау қажет. Оның ішінде басқару саясатын әзірлеу, деректердің мақсатты архитектурасын анықтау мәселесін назардан тыс қалдырмаған жөн. Бұл мемлекеттің тиімді шешімдер қабылдауының негізгі шарты болады. 5G желісін кең көлемде енгізу инновацияның дамуына тың серпін береді. Бұл процесс Қазақстанда қазірдің өзінде жүріп жатыр, - деді Мемлекет басшысы.

Президент 2027 жылға дейін барлық облыс орталықтарын ұялы байланыстың жаңа буынымен қамту міндеті бұған дейін жүктелгенін еске салды. 

- Алайда технологияның қарыштап даму жағдайында біз де қарқынды арттыруымыз керек. Үкімет бұл жұмысты мерзімінен бұрын, яғни 2025 жылдың соңына дейін аяқтауы қажет. Әрине, мерзімнің өзгеруі көрсетілетін қызметтердің сапасына әсер етпеуге тиіс. Бұдан бөлек, бұл мақсатқа жету үшін төменгі орбитадағы спутниктік жүйелердің мүмкіндіктерін пайдалана отырып, шалғай аудан тұрғындарын интернетпен қамтамасыз ету маңызды. Үкімет бұл мәселені жан-жақты пысықтауы керек. Қажет болған жағдайда заңнамаға өзгерістер енгізуге болады, - деді Қасым-Жомарт Тоқаев.

Біздің Instagram парақшамызға жазылыңыз

Жаңалықтарды ең бірінші болып оқыңыз

жазылу