KZ
Өскемен
-8°
пасмурно жел 1 м/с, С
498.34 519.72 4.85

Жаңа Премьер-Министрге қандай міндеттер жүктелді?

Фото: akorda.kz

6.02.2024, 22:30 155

Бүгін Мәжілістің жалпы отырысы өтіп, алқалы жиынға арнайы қатысқан Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев еліміздің он үшінші Премьер-Министрін тағайындау үшін депутаттардың келісімін алды.

Осылайша, Үкімет басшысы қызметіне бұған дейін Президент Әкімшілігінің басшысы болған Олжас Бектенов келді, деп хабарлайды Altainews.kz сайты ҚазАқпаратқа сілтеме жасап.

Президент алдымен Мәжілістегі саяси партиялар фракцияларының жетекшілерімен кездесу өткізіп, Конституцияның 44-бабына сәйкес Премьер-Министр лауазымына ұсынылған Олжас Бектеновтің кандидатурасы жөнінде фракция басшыларымен кеңесті. Талқылауға «Amanat» партиясы фракциясының жетекшісі Елнұр Бейсенбаев, Қазақстан Халық партиясы фракциясының жетекшісі Магеррам Магеррамов, «Ақ жол» партиясы фракциясының жетекшісі Азат Перуашев, Жалпыұлттық социал-демократиялық партиясы фракциясының жетекшісі Асхат Рақымжанов, «Ауыл» партиясы фракциясының жетекшісі Серік Егізбаев, «Respublica» партиясы фракциясының жетекшісі Айдарбек Ходжаназаров қатысты.

Президент «Amanat» партиясы ұсынған кандидатты Мәжілістегі партиялар фракцияларының жетекшілерімен талқылағаннан кейін ортақ шешімге келгенін айтып, Қазақстан Республикасы Конституциясының 44-бабының 3-тармақшасына сәйкес Премьер-Министр лауазымына тағайындауға келісу үшін Олжас Бектеновтің кандидатурасын ұсынды.

Жиында Парламент Мәжілісіндегі «Amanat», «Ақ жол», «Respublica», «Ауыл» партиялары фракцияларының жетекшілері сөз сөйлеп ұсынылған кандидатураны қолдаса, ЖСДП мен ҚХП партиясының мүшелері дауыс беруден қалыс қалатындығын ашық айтты. Содан кейін депутаттар Үкімет басшысының жаңа кандидатурасын дауысқа салды: 69 депутат қолдап, 7 халық қалаулысы қалыс қалды.

Осыдан кейін Жаңадан тағайындалған Үкімет басшысы Президенттің жүктеген жоғары сенімін ақтауға бар күш-жігерін салатынын айтты.

- Менің кандидатурамды қолдағандарыңыз үшін шынайы ризашылығымды білдіремін. Өздеріңіз білетіндей, Мемлекет басшысы еліміздің экономикасы мен әлеуметтік саласын дамытуда бірқатар ауқымды тапсырма берді. Аталған тапсырмалардың барлығы мүлтіксіз орындалады. Бұрын-соңды болмаған сын-қатерлер дәуірінде зор экономикалық серпіліс жасауымыз керек. Халықтың әл-ауқатын арттыру мақсатында Үкімет батыл әрі тиімді қадамдар жасайды, — деді О. Бектенов Мәжілістің жалпы отырысында.

Оның айтуынша, өңдеу саласын жедел дамытуға баса мән беріледі.

- Мұнай-газ және көмір химиясы, металды терең өңдеу, машина жасау, автобөлшектер шығару, яғни жоғары деңгейде өңделген өнім шығаратын салаларды барынша дамытамыз. Отандық өндірісімізді ынталандыруға бағытталған нақты шаралар қабылданады. Реттелетін сатып алу аясында Қазақстанда жасалған тауарлардың үлесін арттырып, ондықтық өндірушілерді қолдау мақсатында офтейк жүйесін толық іске қосамыз. Басты мақсат — басқа елдің емес, өзіміздің ұлттық бизнесімізді қолдау. Ауыл шаруашылығы саласының зор әлеуетін дұрыс пайдалану маңызды. Ет, сүт, астық өнімдерін терең өңдеуге назар аударамыз. Электр қуаты, жылу әрі сумен қамтамасыз ету бағытында белсенді жұмыс атқарамыз. Тиімсіз шығындарды қысқартып, үнемделген қаражат инфрақұрылымды жаңартуға бағытталады. Көлік-логистика саласын дамытып, еліміздің транзиттік әлеуетін арттыру — Үкімет жұмысындағы басымдықтардың бірі болатыны сөзсіз. Цифрландыру, жасанды интеллектінің қолдану саласын кеңейту, есептеу қуаттарын ұлғайту, аса маңызды міндеттер. Мемлекет басшысы белгілеген заң мен тәртіп қағидатын жүзеге асыруға бағытталған шаралар қабылдаймыз. Басқа да халықтың көкейінде тұрған өзекті мәселелер үнемі Үкіметтің назарында болады. Үкімет халқымыздың игілігіне, еліміздің өркендеуіне қызмет етеді, — деді Үкімет басшысы.

Біздің Instagram парақшамызға жазылыңыз

Жаңалықтарды ең бірінші болып оқыңыз

жазылу