KZ
Өскемен
+6°
облачно с прояснениями жел 1 м/с, СШ
485.11 523.82 5.02

Қазақстанда 400 мыңға жуық азамат лудоманияға шалдыққан

Фото: dknews.kz

18.03.2024, 14:00 137 Айжанат Бақытқызы

Жаһандану үрдісіне, жаңа технологияның дамуына және басқа да себептерге байланысты қоғамға қауіпті жаңа кеселдер пайда болды.

Қауіпті кеселдің бірі – лудомания. Бұл туралы Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Ұлттық құрылтайдың үшінші отырысында айтты, деп хабарлайды Altainews.kz тілшісі.

Президент ұсынған мәліметке сәйкес, бүгінгі таңда елімізде 400 мыңға жуық азамат букмекерлік кеңселер мен казинолардың тұрақты клиентіне айналған екен.

- Бұл – тұтас бір қаланың халық санына пара-пар көрсеткіш. Шын мәнінде, лудомания – бейбіт күнде елдің шырқын бұзып жатқан қатер. Соның кесірінен талай шаңырақ шайқалды. Талай азамат заң бұзып, қылмысқа ұрынды. Құмар ойын үшін қарызға батып, өзіне қол жұмсаған жандар туралы хабарлар, өкінішке қарай, күн сайын тарап жатады. Бұл дерт жас ұрпаққа өте үлкен зиян келтіреді. Онлайн-ойындар балалардың күнделікті ермегіне айналып барады. Құзырлы органдар былтыр интернет-казиноның белгісі бар 4 мыңнан астам сайтты бұғаттады, - дейді Мемлекет басшысы.

Осы ретте ол Қазақстанда нашақорлыққа және есірткі бизнесіне қарсы күресу мақсатында кешенді жоспар қабылданғанын еске салды.

- Үкімет лудоманиямен күреске қатысты дәл сондай жоспар қабылдауы керек. Құмарпаздыққа заң жүзінде шектеу қою қажет. «Amanat» партиясы фракциясының бастамасымен осы мәселе бойынша тиісті заң жобасы әзірленді. Парламентте қаралып жатқан сол жобаны осы сессияның соңына дейін қабылдау қажет. Біз жастардың құмар ойынға салынып, арзан табысқа ұмтылуына жол бермеуіміз керек. Адал еңбекпен тапқан табыс қана берекелі болады, - деді Президент.


Біздің Instagram парақшамызға жазылыңыз

Жаңалықтарды ең бірінші болып оқыңыз

жазылу
Кликните на изображение чтобы обновить код, если он неразборчив