Мектеп медпункттерінің дайындығы тексерілді
Денсаулық сақтау министрлігі елдегі 4 млн мектеп оқушысына қауіпсіз және салауатты орта қалыптастыру үшін орта білім беру ұйымдарындағы медициналық пункттердің дайындығын тексерді, деп хабарлайды Altainews.kz тілшісі.
ҚР Денсаулық сақтау министрлігінің ақпараты бойынша, 5619 медициналық пунктте жөндеу жұмыстары аяқталып, қажетті дәрілік заттар мен шұғыл көмек көрсетуге арналған медициналық жабдықтар сатып алынды, сондай-ақ жиһаздар мен техника жаңартылды.
Министрлік сонымен қатар мектеп кестесімен синхрондалған медициналық пункттердің жұмыс кестесі және шағын штат құрамы, материалдық-техникалық жарақтандыру нормативтерін анықтайтын мектеп медицинасы Стандартын бекітті. Бұл ресуртарды мейлінше тиімді пайдалануға және оқушылардың медициналық көмекке қолжетімділігін қамтамасыз етуге септік етеді.
Қазіргі таңда мектептегі медициналық пункттерде 6,9 мыңнан астам маман жұмыс істейді, олар саланы кадрлармен 97% қамтиды. Өңірлерде медбикелер тренинг орталықтарында шұғыл көмек көрсету бойынша оқудан өтті, сондай-ақ АПВ профилактикасы мен иммундау профилактикасы бойынша семинарларға қатысты.
Соған қоса Денсаулық сақтау және Оқу-ағарту министрліктерінің бірлескен бұйрығымен ҚР мектеп жасындағы балалардың денсаулығын нығайту бойынша іс-шаралардың 2024-2026 жылдарға арналған Жоспары бекітілді.
ҚР денсаулық сақтау министрлігі мектептерге балалардың дене белсенділігіне бағытталған іс-шараларды жиі ұйымдастырып, оқушылардың бос уақытын дұрыс және белсенді өткізуіне ықпал ететін үйірмелер мен сабақтан тыс бағдарламаларды дамытуға кеңес берді.
Фото: ҚР Денсаулық сақтау министрлігі