IQanat олимпиадасының финалына мың бала қатысты
IQanat-2024 олимпиадасының үздіктерін марапаттау салтанаты Алматыдағы Медеу таулы спорт кешенінде өтті.
Ауыл балаларына арналған ауқымды білім додасына қорытынды кезеңіне биыл мың бала қатысты. Бұл – рекордтық көрсеткіш! деп хабарлайды Altainews.kz тілшісі.
Бірінші кезеңге барлығы 50 мыңнан астам бала қатысқан. Солардың ішінен ең қабілетті және ынталы 1000 бала суырылып шықты.
Олимпиада аясында барлық апта ішінде тестілеудің өзі бір күн ғана өтетінін атап өтейік. Қалған уақытта балалар нағыз зияткерлік және жігерлендіретін шыңдалудан өтті. Бұл өскелең ұрпақ өкілдері үшін бірегей мүмкіндік. Себебі балалардың көбі ауылынан алысқа шыға қоймайтыны мәлім.
Түркістан облысындағы Темірлан ауылынан келген 14 жастағы Бақтияр Қылышбай IQanat мектебінде оқуға мүмкіндік беретін грант иегері атанды.
Білім бәсекесінің қорытындысы бойынша IQanat қамқоршылары 100 жеңімпаздың есімін атады. Олар Бурабайдағы IQanat мектеп-интернатында тегін оқиды. Одан бөлек 100 бала жартылай грантқа қол жеткізіп, IQ Advance жоғары оқу орындарына түсуге мүмкіндік беретін тереңдетілген бағдарламамен дайындалатын болады.
Сонымен қатар 800 өрен Олимпиададан кейінгі IQIP (IQANAT Intensive Program) бағдарламасының қатысушылары қатарына енді.
Айта кету керек, IQanat бағдарламаларының арқасында ауыл балаларының 90%-ы еліміздің және шетелдің үздік университеттеріне грантқа түседі. Қазір жоба түлектері әлемнің 15 елінде оқиды.
Мектеп оқушыларын шабыттандыру үшін айқанаттықтармен кездесуге «Ирина Қайратқызы» тобының экс-режиссері Қуаныш Бейсек, Қанат Көпбаев, Дулат Тастекей, Айдос Таңсыққожин сынды белгілі тұлғалар келді.