Жаз бойы Enbek.kz арқылы 5 мыңнан астам жасөспірім ресми жұмысқа орналасты
altainews.kz
Қазақстанда жазғы демалыс кезінде жасөспірімдердің ресми жұмыс істеу мүмкіндігі артып келеді. 2025 жылдың мамыр айында Enbek.kz электронды еңбек биржасы платформасында арнайы «Менің жазғы каникулым» бөлімі іске қосылған еді. Нәтижесінде жаз мезгілінде 14 пен 18 жас аралығындағы 5,4 мың жасөспірім ресми түрде жұмысқа орналасты, деп хабарлайды Altainews.kz тілшісі.
Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігінің мәліметіне сәйкес, жаз айларында 16–18 жастағы жастар 13,6 мың түйіндеме орналастырды. Ал 14–15 жас аралығындағы жасөспірімдердің ата-аналары 356 жеке кабинет ашып, оның ішінде 112-і 129 түйіндеме жариялаған.
ҚР Еңбек кодексіне сәйкес, 14 жастан бастап жасөспірімдер тек денсаулыққа зиянсыз, оқуға кедергі келтірмейтін және сабақтан тыс уақытта орындалатын жұмыстарға ғана тартыла алады. Осы талаптарға сәйкес шамамен 80 түрлі мамандық бекітілген. Олардың ішінде: тәрбиешінің көмекшісі, дүкен сатушысы, тазалаушы-жуушы, курьер, SMM-менеджер және тағы басқалар бар.
1 қыркүйектегі жағдай бойынша «Менің жазғы каникулым» бөлімінде 305 жұмыс беруші 2,1 мың бос жұмыс орнын жариялаған.
Мамандардың айтуынша, мұндай жұмыс орындарын тек жұмыс берушілердің өздері ұсынатындықтан, әр өңірде ұсыныстар саны әртүрлі болуы мүмкін. Арнайы бөлім кәмелетке толмағандарды демалыс кезеңінде жұмыспен қамту үшін алдағы уақытта да қолжетімді болмақ. Ол үшін жұмыс берушілер бос орын жариялаған кезде тиісті белгіні қоюы жеткілікті.