KZ
Өскемен
-28°
плотный туман жел 1 м/с, З
506.7 593.14 6.53

EuroSkills Herning 2025 байқауы: қазақстандық студенттер 7 «Үздік медальон» иеленді

15.09.2025, 16:00 362 Әбішев Ержан

Қазақстанның ұлттық құрама командасы 9-13 қыркүйек аралығында Данияның Хернинг қаласында өткен кәсіби шеберліктің IX Еуропалық чемпионаты – EuroSkills Herning 2025 сайысында 7 бірдей «Үздік медальонын» жеңіп алып, тарихи рекорд орнатты. Жүлдегерлер қатарында Өскемен жоғары политехникалық колледжінің студенті де бар, деп хабарлайды Altainews.kz тілшісі ҚР Оқу-ағарту министрлігінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
Чемпионатқа Еуропаның 32 елінен 25 жасқа дейінгі 597 үздік жас маман қатысты. Қазақстандық колледж студенттері веб-технологиялар мен инженерлік графикадан бастап мейрамхана сервисі және дәнекерлеу технологияларына дейінгі 25 құзырет бойынша бақ сынады.
Жүлдегерлер:
Веб-технологиялар – Мұхаметжан Ағыбай (Астана, ASTANA POLYTECHNIC), «Best of Nation» атағына ие болып, Қазақстанның үздік қатысушысы атанды;
Мехатроника (топтық жұмыс) – Артем Мочинский (ШҚО, Өскемен жоғары политехникалық колледжі) және Данил Турапин (Астана, Жоғары политехникалық колледж);
Графикалық дизайн – Бағыжан Қойшыбаев (Ақтөбе, Жоғары политехникалық колледж);
Желілік және жүйелік әкімшілендіру (топтық жұмыс) – Данил Лапенко (Астана, Жоғары политехникалық колледждің түлегі) және Глеб Сауленко (Қостанай облысы, Автомобиль көлігі колледжінің түлегі);
Инженерлік дизайн CAD – Бақдаулет Қуаныш (Атырау облысы, С. Мұқашев атындағы жоғары политехникалық колледж).

– Бұл жетістік – техникалық және кәсіптік білім беру жүйесіндегі терең өзгерістердің көрсеткіші. Жұмысшы мамандықтар жылы аясында қазақстандық колледждер заманауи дайындық орталықтарына айналып, студенттеріміз халықаралық деңгейде сенімді түрде бәсекеге түсіп отыр. Студенттерді, педагогтерді, сарапшылар мен тәлімгерлерді осы тарихи нәтижемен құттықтаймын, – деді ҚР Оқу-ағарту министрі Ғани Бейсембаев.

EuroSkills – WorldSkills қозғалысы аясындағы жастар арасындағы ең ірі еуропалық кәсіби сайыс. Бұл чемпионаттың басты мақсаты – кадрларды даярлаудағы заманауи стандарттар мен жетістіктерді көрсету. Айта кетейік, 2023 жылы Қазақстан бар болғаны екі ғана медальон иеленген болса, биылғы нәтиже нағыз тарихи серпіліс болды.

Дамир Омаров
Фото: ҚР Оқу-ағарту министрлігі

Біздің Instagram парақшамызға жазылыңыз

Жаңалықтарды ең бірінші болып оқыңыз

жазылу