KZ
Өскемен
-4°
облачно с прояснениями жел 4 м/с, ОШ
511 602.72 6.49

Үкіметте жолдағы жазатайым жағдайларды азайтудың жолдары талқыланды

16.09.2025, 13:30 218 Әбішев Ержан

Үкімет отырысында Мемлекет басшысының 2025 жылдың 8 қыркүйектегі Жолдауын жүзеге асыруға арналған жалпұлттық іс-шаралар жоспары талқыланып, жол қозғалысы мен жаяу жүргіншілер қауіпсіздігі мәселесі күн тәртібіне шығарылды, деп хабарлайды Altainews.kz тілшісі.

Ішкі істер вице-министрі Игорь Лепеханың айтуынша, жыл сайын елімізде жол-көлік оқиғаларынан 2 мыңнан астам адам қаза тауып, 20 мыңнан астам азамат жарақат алады.

– Бұл орны толмас қаза. Мәселен, кеше ғана Жетісу облысында жүргізуші куәлігінсіз тізгінге отырған жасөспірім екі көлікпен соқтығысып, 10 адамның өмірін қиды, – деді ол.

Вице-министр апаттардың 90 пайызы жүргізушілердің кінәсінен болатынын атап өтті.

– Жолда жүру мәдениетінің төмендігі, – деп нақтылады ол басты себептердің бірін.

Сонымен қатар жүргізушілерді даярлау сапасына қатысты да сын айтты.

– Өткен жылы өз бетінше оқуға тыйым салдық. Барлық автомектептер есепке алынды. Алайда олардың бәрі бірдей талапқа сай емес. Сондықтан лицензиялау жүйесін енгізу ұсынылды. Бұл бойынша Мәжіліспен бірге заңнамалық өзгерістер пысықталуда, – деді И. Лепеха.

Тағы бір өзекті мәселе – жол инфрақұрылымының жай-күйі. Қазір республикалық маңызы бар жолдардың тек 12 пайызы ғана қауіпсіздік талаптарына сай келеді. Статистика көрсеткендей, жолдар қайта жаңғыртылғаннан кейін апаттар мен өлім-жітім бірнеше есеге азаяды.
85 пайыз жол апаты елді мекендерде орын алады. Оның төрттен бірі – жаяу жүргіншілерді қағып кету жағдайлары.

– Себебі, реттелетін жаяу жүргінші өткелдері, жарықтандыру, тротуарлар жеткіліксіз. Мысалы, Алматы қаласында 1901 жаяу жүргінші өткелінің тек 169-ы немесе 9 пайызы ғана реттелетін болса, Алматы облысында 1035 өткелдің 59-ы немесе 6 пайызы ғана реттеледі. Әкімдіктер халыққа қауіпсіз жағдай жасауға тиіс, – деді вице-министр.

Оның айтуынша, көлік паркінің тозуы да қауіпсіздікке кері әсер етуде. Қазақстандағы көліктердің жартысынан астамы 20 жылдан ескі.

– Жеке тасымалдаушылар да қауіп төндіруде. Пайда қуған интернет-такси жүргізушілері (Indrive, Яндекс және т.б.) демалыссыз жолда жүреді. Медициналық тексеруден өтпейді, көліктің техникалық жағдайы да қадағаланбайды. Бұл адамдардың өміріне қауіп төндіреді, – деп қосты ол.

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев та биылғы қаңтар-қыркүйек аралығында елімізде 22 мыңнан астам жол апаты тіркелгенін атап өткен болатын.

– Ең бастысы – адам өмірі. Әр азаматтың, әр баланың өмірі бағалы және мұнда ұсақ-түйек деген болмайды. Оның үстіне, мұның бәрі қауіпсіз Қазақстанды құру жолындағы маңызды қадамдар, – деді Президент.

Премьер-Министр Олжас Бектенов жол қауіпсіздігін ел азаматтарының өмірі мен денсаулығына тікелей әсер ететін басты мәселе деп атап, тиісті тапсырмалар берді.

– Қабылданып жатқан шараларға қарамастан, жол-көлік оқиғалары мен өлім-жітім тұрақты азаймай отыр, – деді ол.

Атап айтқанда, Премьер-министр Көлік министрлігіне және әкімдіктерге жол салу, жөндеу, күтіп-ұстау кезінде қауіпсіздік шараларын күшейтуді, Цифрландыру министрлігіне жолдарды мобильді байланыспен қамтамасыз ету қарқынын арттыруды, ал өңір әкімдіктеріне елді мекендерде көлік ережесін бұзуды тіркейтін камералар санын көбейтуді тапсырды.

– Жолдағы әрбір адамның өмірі мен денсаулығын сақтау – әр мемлекеттік орган мен әкімдіктің басым міндеті. Бұл бағыттағы бақылау мен үйлестіруді Роман Скляр жүзеге асырады, – деді Үкімет басшысы.

Марат Усманов,

Астанадағы меншікті тілші

Фото/видео автордан

Біздің Instagram парақшамызға жазылыңыз

Жаңалықтарды ең бірінші болып оқыңыз

жазылу