Техникалық құрылғылардың тозуы өндірістегі апаттарға әкеледі – ШҚО
Фото: Шартты сурет
Тау-кен саласында өндірістік жарақат жиі байқалады. Оның өз себептері де бар.
ШҚО прокуратурасының қоғамдық мүдделерді қорғау басқармасы бастығының міндетін атқарушы Мұхамеджан Оразбаевтың сөзінше, мұндай себептердің біріне техникалық құрылғылардың тозуы жатады, деп хабарлайды Altaynews тілшісі.
Мамандар өндірістегі жарақаттануға әкелетін негізгі мәселелердің бірқатарын атады. Олардың алғашқысы – техникалық жабдықтардың ескіруі. Норма бойынша қызмет мерзімі өткен құрылғыларды жаңарту – басты талап. Жазатайым жағдайлардың тағы бір елеулі себебі – білікті кадрлармен қамтамасыз етілмеу, қызметкерлерді оқытудың сапасыздығы. Үшінші себебі ретінде физикалық тозған жабдықтардың пайдалану мерзімін бірнеше рет созу салдарынан жаңартудың баяулауын атауға болады.
Прокуратура мамандары жарақат алу мен оқыс оқиғаларды азайту үшін үш бағытты шара қолданады. Ол шаралар алдағы уақытта уәкілетті органдармен және тау-кен кәсіпорындарымен бірлесе жүзеге асырылады.
Өткен жылы «Казцинк», «Востокцветмет» кәсіпорындары мен олардың бөлімдерінде тексеру жүргізіліп, тексеріс барысында мыңнан астам заңбұзушылық анықталған. Оның дереу жоюды талап ететін жартысынан көп бөлігі бақылауға алынып, тиісті шара атқарылды. Уәкілетті органдар жұмысында да қадағалаудың жеткіліксіздігіне байланысты кемшіліктер тіркелді.