KZ
Өскемен
+1°
небольшой снег жел 2 м/с, ОБ
494.87 520.65 4.91

Әскерилер самбодан сайысқа түсті – ШҚО

Фото: "Шығыс" өңірлік қолбасшылығының баспасөз қызметі

31.07.2023, 19:32 262

Үш облыстың әскерилері самбодан сайысқа түсті.

Өскеменде жауынгерлік самбо және спорттық самбодан Ұлттық ұлан Шығыс өңірлік қолбасшылығының чемпионаты өтті, деп хабарлайды Altaynews.kz сайты.

Сайысқа Семей, Павлодар, Курчатов қалаларынан келген 70-ке жуық әскери бөлімдердің спортшылары қатысты. Бұл чемпионаттың аймақтық мәртебесі жоғары. Жарысқа қатысушы жауынгер спортшылар "Динамо" денешынықтыру спорттық қоғамы кешенінің төрінде төселген кілемде бақ сынасуда. Олар спорттық самбодан 58, 64, 71, 79, 88, 95 келі салмақ бойынша, ал жауынгерлік самбодан 58 және 71 салмақ дәрежесінде сайысқа түсті.

– Өзара бақ сынасқан 3477, 5518, 6699, 5511, 3514, 6679, 5512  әскери бөлімдерінің сарбаздары жарыс қорытындысы бойынша "Шығыс" өңірлік қолбасшылық құрамасы құралып, қыркүйек айында Семейде өтетін республикалық жарысқа қатысады. Самбо әскерилердің бойында қатты мінез, табандылық пен төзімділікті қалыптастырып, жинақылыққа бейімдеп, өз мақсатына жетуге қажетті қасиеттерді дамытуға септігін тигізеді, – деді ҰҰ «Шығыс» өңірлік қолбасшылығының дене дайындығы бастығы подполковник Бауыржан Дарыбаев.

Жалпы, бұл чемпионатта офицерлер мен сержанттан бастап қатардағы сарбаздарға дейін бақтарын сынаған екен.

Сайыс қорытындысы бойынша жүлделі 1 орынды Семейдегі 5511 әскери бөлімі жеңіп алса, 2 орынды Павлодардан келген 5512 әскери бөлімнің құрамасы, ал 3 орынды Өскемендегі  5518 әскери бөлімінің құрамасы иеленді.

Жеңімпаздарды "Динамо" ДШСҚ ҚБ ШҚО филиалының арнайы медальдарымен "Шығыс" өңірлік қолбасшылығы қолбасшысының орынбасары полковник Еркен Жанабергенов марапаттады.

Біздің Instagram парақшамызға жазылыңыз

Жаңалықтарды ең бірінші болып оқыңыз

жазылу