KZ
Өскемен
-22°
туман Штиль
515.25 535.91 5.18

266 бала Катонқарағайда демалады

29.08.2023, 20:30 252

Ерекше қажеттіліктері бар балаларға қолдау көрсету мақсатында «Samruk-Kazyna Trust» әлеуметтік жобаларды дамыту қорының қолдауымен Катонқарағай ауданында балалар сауықтыру лагері ашылды. Бұқтырма су қоймасының бойында орналасқан демалыс орындарының бірінде балалар ата-аналарымен бірге 5 күн демалады. 
Пилоттық жобаның аясында 266 бала мәдени және даму мен тәрбие беруге бағытталған шараларға қатысады, деп хабарлайды Altaynews тілшісі.
Жобаны іске асыруға «Samruk-Kazyna Trust» қоры, ШҚО жұмыспен қамту және  әлеуметтік бағдарламаларды үйлестіру басқармасы, «Антарес-А» қоғамдық қоры мен демалыс орнының иесі қолдау көрсетіп отыр. Жобаны ұйымдастыруға бастамашы болған «Антарес-А» ұйымының өкілі лагерьде балалар мен ата-аналарға барынша қолайлы жағдай жасалатынын атап айтты. 

– Біздің ұйым арнайы әлеуметтік қызмет көрсетумен де айналысады. Ахуалды, оның ішінде облыстағы жағдайды зерделей келе, ерекше қажеттіліктері бар балалардың демалысын ұйымдастыруда бірқатар мәселе барын анықтадық. «Антарес-А» қоғамдық қорының командасы жоба жасап шықты. Бізді ШҚО жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламаларды үйлестіру басқармасы және өзге жергілікті атқарушы органдар қолдады. Біз «Samruk-Kazyna Trust» қорына өтініш жолдадық. Сарапшы мен директорлар кеңесінің мақұлдауынан кейін бізге гранттық қаржыландыру алу ұсынылды. Бұл – жазғы лагерь ұйымдастыруға берілетін қайтарымсыз демеушілік көмек. Өкінішке қарай, мерзімі кешіктірілді. Өтінішті әзірлеу барысында біз Бұқтырма жағалауынан қолайлы демалыс орнын іздедік. Заманауи талаптарға барынша сай келеді-ау деген жайлы орынды Катонқарағай ауданынан таптық. Бүгін алғашқы топ келіп отыр. Өтініш берген кезде «Samruk-Kazyna Trust» қорына облыста ерекше қажеттіліктері бар балалар үшін арнайы жабдықталған демалыс орындарының жоқ екенін хабарлағанбыз. Бүгінгі таңда да солай. Дегенмен біз таңдаған орында жайлы өмір сүру үшін барынша жағдай жасалған. Бір топта 38 ата-ана мен 38 бала болады. Ол жерде әлеуметтік педагогтар жұмыс істейді. Әр отбасы үшін жеке тұрғын үй қарастырылған. Сонымен қатар ата-аналарға күніне 3 мезгіл, балаларға 5 мезгіл тамақ беріледі. Катонқарағай ауданының жергілікті атқарушы органы медициналық көмек көрсететінін жеткізді. Бұл жазғы лагерь жоғары деңгейде өтіп, ата-аналар мен балаларға пайдалы болады деп сенемін. Қыркүйек айының соңы мен қазан айының басына дейін барлығы 7 топ барады. Сапар 5 күнге жоспарланған. Бөлінген уақыт аз болып көрінуі мүмкін. Бірақ біз барынша көп баланы қамтуға тырыстық, – деп түсіндірді «Антарес-А» қоғамдық қорының  директоры Виктор Дак. – Келесі жылы жинаған тәжірибені ескереміз, сонымен қатар мұқият талдау жүргіземіз. Жоба ерекше қажеттілігі бар балалар үшін демалыс ұйымдастыру мәселесін көтеруге бағытталған. Командамыз осы салада жүйе қалыптастыру үшін жұмыс істейді. Бұл – облыстағы алғашқы ауқымды жоба. Жобаның нәтижесіне сай жұмысымызды жалғастырамыз, – деді қор директоры.

ШҚО жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламаларды үйлестіру басқармасы басшысының сөзінше, барлық 7 топқа қатысушы балалар мен ата-аналар іріктелген. Жоба аясында аймақтағы аудандар мен қалалардың тұрғындары қамтылмақ. 

– Бұл жобаны іске қосу үшін алдымен ата-аналар арасында сауалнама жүргіздік. Ерекше қажеттіліктері бар балалардың лагерьге бара алу мүмкіндігін, қандай шара жоспарлау керек екенін, ата-аналардың қандай шарттары бар екенін білуге тырыстық. «Samruk-Kazyna Trust» қорының қолдауымен осындай мүмкіндікке ие болдық. Ата-аналар белсенді қолдап, үлкен сеніммен келіп отыр. Лагерь қыркүйек бойы жұмыс істейді. 7 топ түгел толды, қатысушылар іріктелді. Жетінші топтың сапары 31 қыркүйекте аяқталады. Бес күнде ойын-сауық, спорттық шаралар, сайыстар ұйымдастырылады. Облыстағы аудан, қалаларды түгел қамтимыз. Бүгінгі топтың арасында Катонқарағай және Алтай ауданының тұрғындары бар, – дейді ШҚО жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламаларды үйлестіру басқармасы Альмира Мусинова. 

Ұйымдастырушылар балалардың денсаулығының жақсаруы мен шығармашылық дамуы үшін лагерьде оңтайлы жағдай жасалғанын мәлімдеді. 

– Бізге «Үлбі» орталығынан хабарласып, ұсынғанда бірден келістім. Табиғаты тамаша. Сонымен қатар балаларға қажетті барлық жағдайды жасаймыз дегендері тіпті көңілімізден шықты. Балам да, өзім де демаламыз. Ерекше балаларға арналған шараларды көбірек өткізсе жақсы болар еді. Баланың демалысына арналған шаралар сәтті өтеді деп сенемін. Баламды осы уақытқа дейін мұндай шараға апармаған едім. «Үлбі» орталығы тұрақты түрде көмек көрсетеді. Өзге қажетті дүниелерін береді, – деді қатысушылардың бірінің анасы Салтанат Нұрқанова.

Алғашқы маусымның ашылу салтанатына қатысқан облыс әкімінің орынбасары Дархан Сапанов бүлдіршіндерге демалыстан күш алып, уақыттарын көңілді әрі пайдалы өткізуді тіледі. Сонымен қатар аймақта өскелең ұрпақты тәрбиелеу және ерекше қажеттіліктері бар балаларды өсіріп отырған отбасыларға қолдау көрсету мәселелеріне айрықша көңіл бөлініп отырғанын жеткізді.

Біздің Instagram парақшамызға жазылыңыз

Жаңалықтарды ең бірінші болып оқыңыз

жазылу