Құнанбай, Абай және Жанақ ақын
Фото: e-history.kz
Құнанбаймен аралас-құралас болып Абайға әсер еткен бір топ өнер адамдары оның ішінде, әрине, шоқтықты топ ол – ақындар болса, соның ең арқалылары «Абай жолына» енген. Өкініштісі заманның қыспағына қарай көбінің аты өзгертіліп, өңі айналдырылып берілді. Ол ежіктеп түсіндірмесе де белгілі жайт. Дулат – Барлас, Сабырбай – Қадырбай, Жанақ – Садақ, Түбек – Шүмек болып өзгергеннен-ақ Абайға әсер еткен ортаның кеңестік заманда қаншалықты қыспаққа алынғанын бажайлай беріңіз.
Ақындар ішіндегі шоқтығы биігінің бірі – Жанақ ақын. Бұл тұрғыда Жанақ – Құнанбай – Абай арасындағы рухани байланыс көпіріне ерекше сабақтастық тұрғысынан назар салғанымыз жөн. Жанақ Сағындықұлы - (1770 - 1846) айтыс ақыны. Арғынның Қаракесек - Қамбар атасынан. Құнанбай мен Жанақ арасындағы байланысты дәлелдейтін хатқа түскен құжат поляк зерттеушісі А.Янушкевичтің еңбегінде кездеседі (қараңыз: 1).
Құнанбайдың аса бір үлкен ісі – 1851 жылдың шілде айында Көкшетаудың Арғын ішінде Қамбар руы жайлаған Көкжайдақ деген жерінде Өскенбай биге үлкен ас бергендігі. Сол аста жылаған елді жұбатып Жанақ ақын қолына қобызын алып былай деген екен:
Қазақта сене де артық
Ұл туар ма мынандай?
Ас бердің әкеңе
Үш жүздің қосып баласын.
Әкесіне ас берген,
Қамбар жері – ошанда.
Алшынбай болып тірегі,
Қалың Арғын – Бошанға.
Басын қосқан үш жүздің
Құнанбай, сірә, осал ма?!
Бақ қонар таудай басыңа,
Әмірші болып қашанда.
Құнанбайдай ұл туып,
Өз әкеме ас берсем
Тобықтының баласы-ау,
Жылай да беріп қайтесің
Топырағы торқа болсын да.
Жоғарыда айтқандай М.Әуезов эпопеяда ақын атын Садақ деп өзгертіп қана қойған жоқ, Жанаққа қатысты Сабырбай аузымен айтылатын төмендегі үзіндіні 1942 жылдан кейінгі шыққан басылымдарында алып тастауға мәжбүр болды.
Әкесі Құнанбай аса жоғары бағалаған Жанақ жырларына Абайдың қанып өскені кәміл. Романдағы: «Қарт ақын (Сабырбайды айтып отыр Б.Е.) әр сөзінің тұсінда әлдебір ертегідей алыс ақын Садаққа соға береді. Бала кезінде өзіне өзге ақындардан өзгеше көрінген сол Садекең екен. «Көргені мен білгені ұшаң-теңіз. Ол кісінің айтқаны мен жетікзгенінің мың да бірін білмейміз. Тегін емес, кеудесінен нұр саулаған ақын сол еді, жарықтық!»- деп сөйлейді.
Садақ Қыдырбайдың айтуында жай ақын емес. Өзінше бір көреген жан сияқты», - деген жерден Әуезовтің Жанақ туралы айтпақ бір әңгімесі үзілген. Кейінгі басылымдарда жоқ Жанақ туралы әңгіменің төркіні төмендегідей: «Найман ішіне бір тойға келген Жанақтың атына бір даукес жабысып, алдын-ала есінеген аттың таңдайындағы меңді көріп алған ол куәлікке сол белгіні айтып атын иемденіп кетеді. Жанақ атының ерін алып жатып:
Мына адам бұл шұбарды менікі дер.
Жақсы атыңды жалғанға сатқан жанның
Бар құдай, өзің біліп жазасын бер, -
дегені айнымай келіп, дауқұмар бұлақтан қарғып өткен кезде жетектегі ат тартынып қалып аттың мойнына байлаған белбеуіне сүйретіліп өледі».
Абайдың өте жоғары бағалаған ақыны Жанақтың аузы дуалылығын алып тастаудың сыры мәлім. «Жанақ жырының тылсым күші» дегенге «социалистік реализмнің» қалай қарайтыны белгілі. Сондықтан да Жанақ атын Садақпен ауыстырып, Сабырбай аузымен жоғары баға беруінің өзі сол кез үшін кезекті ерлігінің бірі еді Мұхтардың. Романдағы Жанақты сөзбен жақтатқан Сабырбай ақынның Жанақ туралы ірі сөйлеуі - жазушының ел аузынан естіген шындығы. Абайдың айтыс туралы сұрағанына «Біздің Сәдекеңмен айтысар шамамыз қане? Әншейін бір жалғыз ауыз сөздің тұсында болымсыз тосқауыл айтқаным ғой. «Айтысты, жеңді» дейтін сөз емес. Тек қана Сыбанның Шүмек бастатқан он алты ақынын жеңіп отырған соң, мұндағы елдің намыс етіп, көтеріп әпкеткені ...– деді де, басқа әңгімелерге көшіп кетті.
Қадырбайда үлкен мінезділік, кеңдік бар. Өзімшіл емес. Мақтан cөйлеген «шыға шаппа» емес. Сонысы және жалғыз Қадырбайдың өзінде емес. Осы кәрі ақын есіне алып отырған Садақта, Шүмекте, Барласта да бар сияқты. Қадырбай өсиеттерінің түбіне бойласаң ақындық – дарыған күш, үлкен қасиетті жақсы ақыннан қалған айшықты сөз тегінде заманның қасіретін айтады екен», - деген көркем шығармадағы ой иірімдер нағыз тарихи шындық. Абаймен қатар дәл осы Сабырбайдың сөзін тыңдап Әуезов қасында отырғандай шымшып көрер шындықты көрсете алған.
Абайдың өнеге алған ортасын мұнан дәл, мұнан терең айтып жеткізуге болмас. Бұл – жабық тақырыптық өзінен озық туынды жасай білген Әуезовтей жазушының ғана қолынан келер жасампаздық.
Абай, сөз жоқ, Жанақ жырларын ерекше бағалады. «Қозы Көрпеш – Баян сұлу» жырының ең көркем нұсқасы Жанақтікі десек, сол нұсқаны негіз етіп Абай «Қозы Көрпештің» бір нұсқасын жазғызып, 1884 жылы атақты ғалым Г.Н.Потанинге сыйға тартқан. Жырдың бір данасы Н.Я.Коншиннің орыс географиялық қоғамына тапсырған Абай өлеңдерінің жинағымен бірге сақтаулы. Абай «Қозы Көрпеш – Баян сұлу» жырының өзіне дейінгі нұсқаларымен таныс болған. Десек те, біршама өзгешеліктері бола тұра Абайдың таңдап, негіз етіп жаздырған нұсқасы Жанақ жырын басшылыққа алған.
Жанақ пен Абай арасын сабақтастырып тұрған үлкен рухани көпір ол – «Қозы көрпеш – Баян сұлу» жыры.
Әйгілі жырдың түркі тектес халықтардың өзінде қырыққа тарта нұсқасы бар. Орыс зерттеушілері XIX – ғасырдың басында-ақ басында бұл жырға аса қызығушылық танытып жырдың қазығы нұсқаларына аса ұқсамайтын мазмұнын (М. Файзулин 1807 жылы жазып алған) қағазға түсірген .
Сонау XIX ғасырдың басынан орыс зерттеушілерін, ақындарын (А.С. Пушкиннің кітапханасынан жыр нұсқасының табылғанын еске алыңыз) қатты қызықтырған көне жырдың көркем нұсқалары Жанақ ақындікі, ал ертедегі қалпын сақтау тұрғысынан Шөженің нұсқасы, кейінгі үлгілі жыр ретінде Жанақ ізімен жырлаған Шәкір ақындікі екендігін зерттеуші ғалымдар дәлелдеген-ді.
Жырдың Жанақ нұсқасы туралы М.Ғабдулиннің: «Жанақ жыры тіл көркемдігі жағынан шебер жырдың бірі болып табылады... Жанақ айтқан жыр сюжет құруы, оқиға желісін тізбектей отырып баяндауы және адам образдарын айқын етіп жасауы жағынан өзі тектес басқа жырлардан әрі күрделі екендігін байқаймыз. Жанақ жырының ең алдымен көзге түсетін ерекшелігі – оқиғаны реалистік өмірден алуында. Егер жырдың басқа варианттарында ертегіге тән, фантазиялық халге құрылған әңгімелер басым келсе, Жанақта олай емес. Қозы мен Баян да, Қарабай мен Қодар да шындықта болған типтік бейне болып суреттеледі», - деген сипаттамасын құб аламыз. Қазақ халқының өзінде сандық көрсеткіші 16–дан асатын бұл жырдың ішіндегі көркемі Жанақ нұсқасы болуының себебі, ең алдымен, көне жырды қайта жырлаған Жанақтың ақындық деңгейінде деп білген жөн. Әуезов: «Жанақ нұсқасының тілі «Қозы Көрпеш – Баян сұлу» нұсқаларының көбінен көркем және бұл кезге дейін баспаға түсіп, жұртқа көбірек мәлім болған түрі», - деп бағалаған.
Жанақ жырына кезінде Құнанбай ерекше ықылас білдірген. Бұл туралы жырда бірден-бір зерттеуші ғалым Ә.Марғұлан Жанақ нұсқасының артықшылығын айта келіп, Өскенбай бидің асында «Қозы Көрпеш – Баян сұлуды» қобызға қосып жырлаған Жанаққа Құнанбай үлкен сый тартқан деген дерек келтіреді.
Бауыржан Аманкелдіұлы
ф.ғ.к., профессор