Мемлекеттің әлеуметтік саясаттағы басты ұстанымы
Фото: freepik.com
Қазақстанның әлеуметтік саясатының басты мақсаты – халықтың әл-ауқатын жақсарту, жұмыссыздықты азайту және әлеуметтік теңсіздікті төмендету. 2024 жылы өңірлік деңгейде атқарылған ауқымды жұмыстар халықты жұмыспен қамту, әлеуметтік қорғау және кәсіби біліктілікті арттыру бойынша нақты нәтижелер көрсетті. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев халыққа Жолдауында елдің әлеуметтік дамуының басым бағыттарын айқындап, өңірлерде кешенді шараларды жүзеге асыруды тапсырды.
Әсіресе, халықтың тұрмыс сапасын арттырып, елді мекендердің тынысын кеңейту мақсатында аудан ажарын кіргізетін ауқымды жоспарлар қолға алынды. 2024 жылы өңірлік жұмыспен қамту картасы аясында Күршім ауданында 883 жұмыс орнын құру жоспарланған еді. Жыл қорытындысы бойынша 932 жұмыс орны ашылып, жылдық жоспар 105,5%-ға орындалды. Бұл өңірдегі экономикалық тұрақтылық пен мемлекеттік бағдарламалардың тиімділігін көрсетеді.
Ашылған жұмыс орындарының ішінде:
- 508 – тұрақты;
- 424 – уақытша.
Халықты, жастарды жұмыспен қамту – Үкімет үшін аса маңызды міндет. «Қазір еңбек нарығында жастардың үлесі артып келеді. Үкіметке және әкімдерге 2030 жылға қарай 3 миллион 300 мың адамды жұмысқа тұрғызу туралы тапсырма берілді. Оның 2,2 миллионы жастар болуға тиіс. Жаңа жұмыс орындары уақытша емес, тұрақты болғаны жөн. Елімізде аймақтардың жұмыспен қамту карталары бекітілген. Соған сәйкес жыл сайын шамамен 950 мың адамға жұмыс тауып беру көзделген. Ол үшін бюджеттен 130 миллиард теңге бөлінді. Осы қаржының арқасында, яғни субсидия арқылы 150 мың адам жұмысқа орналасады. Оның бәрі – жастар және әлеуметтік тұрғыдан осал санаттағы азаматтар», - деді Мемлекет басшысы.
Президенттің дерегінше, жастардың кәсіпкерлік бастамасына қолдау көрсету үшін 40 миллиард теңге бөлінді. Қаражат аймақтарға берілді. Қазір бизнес саласындағы үздік идеяларды таңдап алу үшін конкурстар басталды.
Жыл басынан бері жұмыспен қамту орталықтарына 947 адам жүгінген, оның 646-сы жұмыспен қамту шараларына қатысып, әртүрлі жұмыс орындарына орналастырылды. Мемлекет жұмыссыз азаматтардың кәсіби дағдыларын арттыру үшін заманауи оқыту бағдарламаларын жүзеге асыруда. Skills.enbek.kz платформасы арқылы 80 адам сұранысқа ие дағдыларды меңгеріп, онлайн оқудан өтті. «Бастау Бизнес» жобасы бойынша 34 адам кәсіпкерлік негіздеріне оқытылып, оның 27-і оқуды аяқтады.
Қысқа мерзімді оқытуға 20 адам жіберіліп, олар тракторшы, газэлектрдәнекерлеуші және жүк тиегіш машинист мамандықтарын игерді. Барлық түлектер тұрақты жұмысқа орналасты. Субсидияланған жұмыс орындары жұмыссыздық деңгейін төмендетудің және халықты қолдаудың тиімді құралына айналды.
2024 жылы 331 адам әртүрлі бағдарламалар аясында жұмысқа орналастырылды:
- Жастар практикасы – 29 адам;
- Әлеуметтік жұмыс орындары – 12 адам;
- Қоғамдық жұмыстар – 242 адам;
- «Бірінші жұмыс орны» жобасы – 5 адам;
- «Ұрпақтар келісімшарты» – 1 адам;
- «Күміс жас» бағдарламасы – 42 адам.
Бұл бағдарламалар халықтың әлеуметтік осал топтарын жұмыспен қамтуға айтарлықтай үлес қосуда.
Аз қамтылған отбасыларды қолдау мақсатында мемлекет тарапынан гранттар, атаулы әлеуметтік көмек және басқа да қолдау түрлері ұсынылды. Елімізде 2025 жылдың басынан бастап балалары бар отбасыларға берілетін мемлекеттік жәрдемақының барлық мөлшері 6,5%-ға индекстеледі. Ұлттық экономика министрі Нұрлан Байбазаров әлеуметтік төлемдер өсетінін айтқан болатын. "2025 жылдың басынан бастап балалары бар отбасыларға берілетін мемлекеттік жәрдемақылардың барлық мөлшері 6,5%-ға индекстелетін болады. Жалпы, 2025 жылға арналған республикалық бюджетте балалары бар отбасыларға жәрдемақы төлеуге 875,1 млрд теңге қарастырылған", – деді Нұрлан Байбазаров.
Бұдан бөлек аз қамтылған азаматтарды әлеуметтік қолдау әрі қарай жалғасын таппақ. Осы жылдың 1 қарашасына атаулы әлеуметтік көмекті 76,0 мың отбасы немесе 403,0 мың адам алған.
Күршімде 2024 жылғы 1 қазанға дейін 14,8 млн теңге көлемінде 10 грант берілді, оның ішінде көпбалалы аналарға, мүгедектігі бар жандарға және қоныс аударушыларға арналды. Атаулы әлеуметтік көмек 77 отбасына көрсетілді, оның ішінде 376 адам (251 бала) қамтылды. Бұл мақсатта 31,9 млн теңге бөлінді.
Ауданда 537 көпбалалы отбасы тұрады, оның ішінде:
- 349 отбасының 4 және одан көп кәмелетке толмаған балалары бар;
- 188 ана «Алтын алқа» және «Күміс алқа» иегері болып табылады.
Белсенді ұзақ өмір сүру орталықтарының қызметі аясында 72 егде жастағы азамат бос уақытын пайдалы өткізуге мүмкіндік алды. Орталықтарда 7 түрлі секция ұйымдастырылып, зейнеткерлердің шығармашылық және спорттық әлеуетін арттыруға жағдай жасалды.
Аумақтық әлеуметтік қызмет көрсету орталықтары 195 адамға арнаулы әлеуметтік қызметтер ұсынады. Оның ішінде:
- Жартылай стационар жағдайында – 9 бала;
- Үйде – 187 адам.
Бұл орталықтар халықтың осал топтарын қажетті көмекпен қамтамасыз етіп, олардың тұрмыс сапасын жақсартуда маңызды рөл атқарады.
Қазақстанның әлеуметтік саясатындағы жетістіктер өңірлердегі халықтың әл-ауқатын арттыруға бағытталған. Мемлекеттік бағдарламалардың тиімді жүзеге асырылуы ел тұрғындарының сенімін нығайтып, әлеуметтік-экономикалық тұрақтылықты қамтамасыз етеді. Әлеуметтік саясат мемлекеттің басты назарында болып қала береді, ал оның нәтижелері халықтың тұрмыс сапасын жақсартуға бағытталған қадамдардың дұрыстығын дәлелдейді.