Ата-ана үміті және отбасы құндылық
Фото: e-history.kz
Қазақ халқы үшін той – тек қуаныш емес, ұрпақтан-ұрпаққа жалғасқан отбасы құндылықтарының көрінісі. Жер бетінде өзге халықтардың тұрмыс-тіршілігінде тойдың алатын орны қандай екенін кім білсін, бірақ қазақ үшін той – халықтың қазынасы, дәстүрдің алтын діңгегі. Қазақ тарихында той бұрын да болған, бүгін де бар және ертең де бола береді.
Себебі қазақ ұлтының мінез-құлқы, болмыс-бітімі мен табиғаты өзінің кең сахарасындай дарқан. Содан болар, қазақ сөйлесе де еркін көсіліп, ағыл-тегіл сөйлейді, қуанса да шын көңілден төбесі көкке жетердей қуанады, той жасаса да жылдар бойы жиған-тергенін айналасына уыстап шашқанды ұнатады. Тіпті, шашатын ештеңесі болмай жатса да, қарыз алып, айналасын қуанышқа кенелтетін мәрттікті де тек қазақтың менталитетінен көруге болады.
Бүгінде кез келген облыс немесе аудан орталығын айтпағанда, кішігірім ауылдардың өзінде бір емес, бірнеше тойхана, мейрамхана мен кафелердің көптеп бой көтергенін көреміз. Ақшаң болса, қалаған күніңе тапсырысыңды беріп, мерейтойыңды өткізесің бе, балаңды үйлендіресің бе, әлде шілдехана немесе сүндет той жасайсың ба – бәрі өз еркіңде.
Бірақ тойдың басты мақсаты – сән-салтанат емес, отбасы құндылықтарын дәріптеу. Әр тойда ата-ананың қуанышы, үміті және ақ батасы бар. Тойлар арқылы біз жас ұрпаққа отбасының берекесін, ата-ананың қадірін, бауырмалдықтың маңызын үйретеміз. Ата-ана үшін баласының әр жетістігі – ең үлкен қуаныш, ал олардың үмітін ақтау – әрбір перзенттің борышы. Той – тек бір сәттік қызық емес, ұрпақтар арасындағы байланысты нығайтатын құнды дәстүр.
Қазақтың «Бала – ата-ананың бауыр еті, жүрек бөлігіндей» деген сөзі бекер айтылмаған. Біздің той жасау мәдениетімізде ата-ана, ағайын-туыс пен жақындардың қолдауы маңызды рөл атқарады. Әрбір тойда берілген бата мен айтылған тілек – ұрпақтың бойына сіңетін үлкен рухани мұра. Сондықтан, ата-ананың үмітін ақтап, олардың разылығын алуды әрқайсымыз басты мақсат етуіміз керек.
Палаткадан басталған «Алтын тойлар»
Тойхана дегеннен шығады, қазір алды 60-70 жасқа кеп зейнетке шығып, немере сүйіп отырған орта буын өкілдерінің үй болып үйленгендеріне 40-50 жылдың жүзі боп, алды «Алтын тойларын» тойлап жатыр. Ол кездегі той-томалақ, қыс мезгілі болса амал жоқ, жаз айларында бірыңғай палаткаларда өтетін. Ол палатканы табудың өзі оңай-оспақ шаруа емес. Зайсан қаласында әскери бөлімдер көп болды да (әлі де бар) жұрт тойға тігетін палатканы да, ет асатын үлкен қазанды да ретін тауып отряд жақтан алатын. Сол палатканы бес-алты жігіт аулаға немесе қақпаның алдына тігіп жіберіп, үстел-орындықтарын қойып берсе болғаны, ішіне айналдыра тұскиіз, кілем-кілемшелер іліп, жас жұбайлардың есімдерін (мақтамен) жазып, дастарқанды жайнатып жасауды той болатын үйдің қыз-келіндері мен көрші келіншектері-ақ қатыратын.
Сол кездегі халықтың бірлігі мен берекесі, ұйымшылдығы мен ауызбіршілігі қандай еді?! Біреулері палатка тігісіп жатса, қасапшылығы барлары мал сойып, қолы жеңіл жеңгелеріміз бауырсақ пісіріп, ет асып, самауыр қайнатып өздерімен-өздері ақар-шақар күй кешіп жататын.
Сосын, ол кездегі тойлар бүгінгідей көзді ашып-жұмғанша, айналасы бес-алты сағатта бітіп қалмайтын. Алғашқы күнгі тойды осы үйдің ет жақын туыс-туғандары мен алыс-жақыннан келген мыңжылдық құда-жегжаттары бастаса, екінші күнгі тойды ауылдың жастары жалғастыратын, ал үшінші күні коллективтегілер дүркіретсе, төртінші күнгі дастарқан той дайындығына болысқан көрші-қолаң, келін-кепшік, т.б. арнайы жайылатын. Бір ғажабы – осы тойлардың қай-қайсысы болмасын таң ағарып атпайынша тарқамайтын. Тойдан шыққан ел сиырын сауып, өріске малын айдап барып бірақ демалушы еді.
Қазақ «Елу жылда – ел жаңа» демей ме, бүгінгі тойлар бұрынғы тойларға қарағанда басқашалау сипат алған. Бүгінгі тойлардың басталуынан аяқталуы шапшаң. Екі-үш әйтпесе одан көп уақыт бұрын жер-жаһанға жар салынады, дүбірлетіп дабыл қағылады. Телефон арқылы да, ватсаппен де шақыру билеттерінің түр-түрі толассыз ағылып кеп жатады. Мүмкіндігі барлар мейлінше үлкен тойханаларды жалдап, неғұрлым көбірек адамның басын қосуға, аймаққа әйтпесе Республика жұртшылығына танымал асабалар мен әншілерді алдыртуға тырысып жатады.
Әрине, әркім өзінің мүмкіндігіне, жағдайына қарап шашылатыны да белгілі. «Кім қандай жерде, нендей той жасамақ? Оған кімдерді және қанша адам шақырады? Кімге қандай сый-сияпат жасайды?» бұл той иелерінің құзырындағы шаруа. Оған «Анауың дұрыс, мынауың бұрыс немесе мынаны бүйт, ананы сөйт» деп айтуға ешкімнің қақысы да жоқ. Айтқан күннің өзінде тыңдай қоюы да екіталай.
Қанша жерден «Той – халықтың қазынасы» десек те, дәл қазіргі қымбатшылық қысқан заманда қандай да болмасын той өткізу оңай емес. Тойханалардың арендасы мен ас мәзірі удай. Той жүргізуші асабаларың мен музыканттарың да жалаңдап тұрады. Одан бөлек, той өтетін жерді безендіру, фотограф пен бейне-операторға тапсырыс беру, фото-суретке түсетін алаң әзірлеу, тойбастар, шашу, беташар, т.б. шығын түрлерін тізе берсең, шыға береді.
Осындайда қазақтың қабырғалы ақыны Қадыр Мырзалиевтің:
- Қазақ осы дүние мен малыңды,
Оңды-солды шашу үшін жинайтын, – деп келетін жыр жолдары еріксіз ойыңа оралады. Сол айтпақшы, оңды-солды шашуға келгенде, шынымен де, алдымызға жан салмайтынымыз рас енді. Шашу демекші, сол тойға деп өмірбойы ішпей-жемей тірнектеп, іркіп жиған-тергенің болса шашасың ғой...
Ал шашатының болмаса неңді шашпақсың?!
Біздің қазақ бұл тығырықтан шығудың да жолын тауып алған.
«Қалай?» дейсіз ғой, оп-оңай...
Бұл күнде не көп, банк көп. «Халық банк», «Каспий банк», «Forte Bank», «Jusan Bank» деп кете береді. Рахат! Барасың да, несие аласың. Аласың да, шашасың оңың мен солыңа. Той тойлайсың ба, тон сатып аласың ба, жоқ, шетелге қыдырып келесің бе, не болмаса санаторийге барасың ба, қысқасы, өзің білесің. Сенде ешкімнің шаруасы жоқ. Тек, ай сайынғы несиеңді жауып тұрсаң болғаны.
Ашу – дұшпан, ақыл – дос
Алайда бабаларымыз: «Алмақтың да салмағы, судың да сұрауы бар» дегенді бекерден-бекер айта салмаған болар?! Банктен бес-он жылға деп 5-6 млн теңге несие алсаң, оның ай сайынғы төлемі де оңай болмас. Сондықтан анау деп, мынау деп әзілдессек те, банкпен және оның несиесімен көп ойнай беруге болмайтын секілді. Олай дейтінім, Өскеменде бір танысым бар. Осыдан бес жыл бұрын банктен әжептәуір несие алып, дүркіретіп тұрып ұлының тойын жасаған. Қазір жүр, ай сайынғы тапқан-таянғанын банкке санап беріп.
Адам болғасын ауырмай-сырқамай тұра ма? Бір-екі мәрте ауырып қап несиесін уақытында төлей алмай қалса керек. Банктегілер дереу үстемелеп ақша қоса қойған көрінеді.
Несиені баспана үшін немесе өңі түзу бір жаңа көлік міну үшін алса, мұны түсінуге болады. Ал бар болғаны төрт-бес сағаттық ішіп-жем мен ырду-дырду, аха-ха, охо-хо үшін пәлен миллион несие алу деген... Түсінсем бұйырмасын.
Осының бәрі айналып келгенде: «Баласына той жасап бере алмады!» деп айтады» деген жалған намыс қой, шіркін. Енді қайтеміз, ер халық болған соң осы ғой күніміз.
«Ерді намыс, қоянды қамыс өлтіреді» деген деп қойып, намыстанбайтын нәрсеге намыстанып, намыстанатын жерде үніміздің өшіп қалатыны да жасырын емес.
Салыстырмалы түрде байыптап қараған адамға отау құрған тойлары осыдан 40-50 жыл бұрын зәулім-зәулім тойханада емес, қарапайым ғана палаткада өтсе де, қол ұстаса жүріп тіршіліктің жоғын жоқтай көріп, қиыншылығын бір адамдай тарта білген, ұлын өсіріп ұяға, қызын жеткізіп қияға қондырып, бұл күндері солардан немере сүйіп отырған сол кездегі жас жұбайлардың некелерінің бұзылып, шаңырақтарының шайқалғандары некен-саяқ. Неге?
Себебі сол кездегі мемлекеттік идеология, үйдегі ата-ананың берген тәлім-тәрбиесі, мектептегі ұстаздардың жылдар бойғы қатаң талап-тілектері кез келген оқушының санасына ұят-аяттың, намыстың, көргенділік пен имандылықтың дәнін егіп тастаған. Олар отбасылық кикілжің бола қалған сәтте жеке басының емес, ең әуелі әулетінің абыройы мен арын, білім алған мектебі мен ұстаздарының алдындағы намыс пен ұятты, қала берді туып-өскен ауылының, ауданының атына жаманат сөз келтірмеуді ойлайтын. Сондықтан да олардың осалдығы байқалса да, шаңырақтары шайқалмады.
Қазір қалай? Кеше ғана жаһанға жар салып, дүркіретіп той жасап үй болған жастар «Мәт болды, шәт болды, мінезіміз жараспады, бір-бірімізді түсініспедік» деп екі күннің бірінде ажырасып жатады. Не оған «Әй, балалар, қойыңдар, ойланыңдар, ел-жұрттан ұят болады!» дейтін ата-ана жоқ.
Қайта қайсыбірінің аналары ренжісіп қалған балаларын үлкен боп татуластырудың орнына: «Ішіме сыйған бала, сыртыма да сыяды» деп онсыз да ушығып тұрған жағдайды ушықтырып отқа май құйғандай қылады.
Сонда ата-ананың тыраштанып жүріп жиған немесе қарызға батып, несие алып тұрып жасаған еңбегі мен немере сүйсем деген үміт-арманы, қаншама адамның сол тойда айтқан тілектері мен үлкендеріміздің берген баталары қайда қалды?
Қайсыбір статистикалық мәліметтерге көз жүгіртсең төбе шашың тік тұрады. Айталық, осыдан екі жыл бұрын статистикалық деректерді зерттеумен айналысатын халықаралық World Population Review сайтының мәліметінше, Қазақстан ажырасу көрсеткіші бойынша әлемдік рейтингте екінші орында тұрған көрінеді. Онда «Қазақстанда ажырасу көрсеткіші әр 1000 адамға – 4,6. Ресей (3,9), Бельгия (3,7) және Беларусь (3,7) та бұл тізімде ондыққа енеді. Америка Құрама Штаттары тізімде тоғызыншы орында, жыл сайын бұл елде ажырасу деңгейі 1000 адамға шаққанда 2,7-ні құрайды»,– деп көрсеткен. Тәуелсіз сарапшылар да елімізде әрбір төртінші отбасының ажырасатынын айтса, отандық БАҚ «Ажырасу жөнінен әлемде алдыңғы ондықтамыз!» деп дабыл қағып жүр.
Бұл мәліметтің қаншалықты рас-өтірігін бір Құдай ғана біледі. Дегенмен мақтанатындай көрсеткіш емес екендігі айдан анық. Біздің қанағатшыл, тәубешіл қазақ үй тұрмысындағы ұсақ-түйек кикілжіңді: «Үй болған соң, ыдыс-аяқ сылдырламай тұрмайды» деп бір-ақ ауыз сөзбен түйіп те, тыйып та тастап отырған.
Сондықтан әсіресе жаңадан шаңырақ көтеріп жатқан жастарымызға: «Өмірде кездесетін қиындықтар мен кедергілерді ашу-ызаға жол бермей, екеуара ақылдаса отырып, байыппен шеше білсеңдер ешкімнен кем болмайсыңдар. Ата-ананың да, дос-дұшпанның алдында да жүздерің жарқын жүреді» дегіміз келеді.
Тоқсан ауыз сөздің тобықтай түйінін заманында талай тойдың ажары мен базары бола білген әйгілі «Жар-жардың»:
– Ата-ананың үмітін,
Ақтаңыздар жар-жар.
Махаббатты мәңгілік,
Сақтаңыздар жар-жар, – деген айшықты шумақтарымен түйгіміз келеді.
Шаңырақ шайқалмасын!
Серік Құсанбаев