KZ
Өскемен
-1°
облачно с прояснениями жел 4 м/с, ОБ
492.22 529.38 5.03

Қоғамдық кеңеске жастарды тарту мәселесі көтерілді – ШҚО

6.09.2023, 20:22 195

Қазіргі кезде азаматтық секторда аға буын өкілдерінің үлесі артқан көрінеді.  

Бұл туралы ШҚО-да өткен өңірлік Азаматтық форумда айтылды, деп хабарлайды Altaynews тілшісі.

«Антарес-А» қоғамдық қорының директоры Виктор Дактың айтуынша, жастарды жұмысқа тек артықшылықтармен ғана тартуға болады.

– Менің байқауымша, соңғы уақытта азаматтық сектор қатарында егде жастағылардың қатары артты. Өкінішке қарай, жастарды тек артықшылықтармен ғана тарта аламыз. Заман ағымын ескерсек, бүгінгі таңда тәжірибемен қатар креативті ойлау да аса қажет болып отыр. Өткен жылы біздің ұйым бос жұмыс орны туралы тұрақты хабарлама жарияласа да, 30 жасқа толмаған қызметкер таба алмады. Ал жалақы аймақтағы орташа жалақымен бірдей, – дейді Виктор Дак.

Ол бұл үрдіске себеп болған жағдайды да ескерген.

– Азаматтық бастамаларды қолдау саласында 2017 жылдан бері жұмыс істеп келеміз. Бүгінгі таңда ережелердің жыл сайын өзгеруіне байланысты, оның ішінде қаржыландыру мен қаржылық есеп ережелерінің өзгеруіне байланысты жұмысты тиімді үйлестіру мүмкін болмай отыр. Осыған байланысты биыл үкіметтік емес бірқатар ірі ұйым конкурсқа қатысудан бас тартты. Бүгінде ерекше қажеттіліктері бар балалардың жазғы демалысын ұйымдастыру бойынша жобаны іске асырып жатырмыз. Samruk-Kazyna Trust қоры инвестиция ретінде өңірге 100 млн теңге бөлді. Келісімшарт бойынша 30 млн теңгені жобаны іске асырғаннан кейін ғана төлейді. Қазір жобаны іске асыру үшін маған 13 млн теңге керек. Мұндай жағдайда жұмыс істеуге қандай жас азамат келіседі? Қоғамдық кеңес жастар ұмтылатын қызметке айналуы тиіс, – деп сөзін түйіндеді Виктор Дак.

Мәдениет және ақпарат министрінің орынбасары Данияр Қадыров Мемлекеттік әлеуметтік тапсырыс саласындағы аталған кедергіге қатысты түсініктеме берді.

– Бұл заң қабылданып қойған. Біз құзырлы министрліктерге мәселені жеткіземіз. Осы мәселелер қамтылған өзгерістерді заңға енгізу ұсынылды. Барлық өңірде осы мәселе айтылып жатыр, – деді Данияр Қадыров.

Ал Қазақстанның Азаматтық альянсының президенті Бану Нұрғазиева жастарды қоғамдық кеңес жұмысына тартудың бірқатар жолын ұсынды.

– Қоғамдық кеңес өкілдері оның мәртебесін көтеру керек екенін баса айтып отыр. Қазір кадр тапшылығының әсерінен қоғамдық кеңесте аға буынның үлесі басым. Қоғамдық кеңеске жастарды тартудың жолын қарастыру қажет. Жас буын қоғамға белсенді араласуды ұнатады. Олардың әлеуеті жоғары. Жастарды бастапқы кезеңде сарапшы ретінде тартса, кейін олар өздері де қызығып кетеді деп ойлаймын. Оларды тартудың тағы бір жолы – әлеуметтік мәселелерді шешу, – дейді Бану Нұрғазиева.


Біздің Instagram парақшамызға жазылыңыз

Жаңалықтарды ең бірінші болып оқыңыз

жазылу
Кликните на изображение чтобы обновить код, если он неразборчив