Cүт өңдеу өндірісінде маман жетпейді - ШҚО
Ауыл шаруашылығын дамыту тек тауарлы сүт фермаларын салып қоюмен, миллиардтап қаржы бөлумен шектелмеу керек. Агроөнеркәсіп саласының алға басуы кадрларға қарап тұр. Алайда маман жоқ, бар болса да біліксіз дейді өңіріміздегі сала мамандары.
Өскемендегі ірі сүт өңдеу кәсіпорынының басшысы Парламент Мәжілісінің аграрлық мәселелер жөніндегі комитеті депутаттарының назарын осы мәселеге аудартты, деп хабарлайды Altaynews.kz тілшісі.
«Восток Молоко» ЖШС басшысы Сейілжан Сайлаубаевтың айтуынша, өндіріске келіп жатқан мамандардың білімі төмен екен.
- Cүт өңдеу өндірісінде маман жетпейді. Бүгінгі күні ЖОО-ның беріп жатқан білімі колледждерден де төмен. Университеттен оқу бітіріп келген жас мамандар келді. Сүт өңдеуден жарытып ештеңе білмейді. Қандай университет екенін айтпай - ақ қояйын. Университтетте сүт өңдеу технологиясын төрт жылда бар жоғы сегіз сағат оқыпты. Сегіз сағат! Оның орнына түсініксіз, әлдебір пәндерді оқытқан. Бізге келген мамандар неге кетіп қалып жатыр? Бірінші себебі - білімдері жоқ. Екіншіден, оларда ұйымдастырушылық қабілет-қарым жоқ, жұмысын жүйелі жүргізе алмайды. Орта топтағылар бригадир, шебер де болып, бейімделіп кетіп жатады. Ал жоғары оқу орындарынан келгендердің қолынан бұл келмей жатыр. Колледж түлектері өндірісте жұмыс істеуге әлдеқайда бейімді, - деді Сейілжан Сайлаубаев.
Жанаргүл Мұқатай
Оқи отырыңыз