Сүт өнімдерінің 85 пайызы өзіміздікі
Шығыс Қазақстан облысында сүт өңдейтін 17 кәсіпорын бар. Солардың ішіндегі «Эмиль», «Багратион Ұлан», «Восток-Молоко» сүт зауыттары тұтынушылар талғамынан шыққан ірі қайта өңдеушілер.
Сүт өңдеуші «Milka», «Турайда», «Қалиханұлы» тәрізді шағын 13 қайта өңдеу кәсіпорындарының да өнімдері өңір тұрғындарына танымал бола бастаған. Тауарлы сүт фермалары мен сүт жинау бекеттерінен өткізіліп жатқан ақ сүттің молайып отырғандығы сүт өңдеушілердің жүктемесін арттырды. Сүт зауыттарының сүт өңдеу қуаты жылына-151 мың тонна болса, былтыр олар өз қуатының 65 пайызы көлемінде жұмыс істеген. Қазіргі күні облыстағы сүт нарығының 85 пайызын өзіміздің аймақта өндірілген сүт өнімдері алып отыр.
Сүт өндірісін дамыту мақсатында қатты ірімшік пен сары май шығаруға қажетті шикізатты сатып алу үшін зауыттараға мемлекеттік қолдау көрсетіліп отыр. Былтыр «Эмиль», «Восток Молоко», «Багратион Ұлан» сияқты 11 қайта өңдеушіге 314 млн. теңге субсидия төленді.