Қазақстанда өнідіріліп жатқан сүттің 30 пайызға жетер-жетпес көлемі ғана өңделіп жатыр.
Осы ретте сырттан келетін импорттық сүт өнімдерін азайтып, отандық үлесті арттыруда шығысқазақстандық сүт өңдеу кәсіпорындарының жетістіктері мен көп жылғы тәжірибесі назарға алынбақ. Қазақстандық сүт өндірісін дамытуда өңіріміздегі сүт өңдеушілердің ұсыныстары да ескерілетін болады, деп хабарлайды Altaynews.kz тілшісі.
– Елімізде сүт өнімдері өндірісін дамыту мақсатында Үкімет келер жылы бірнеше облыста тауарлы-сүт фермаларын салуға қомақты қаржы бөлуде. 65 сүт фермасын салуға 100 млрд теңге бөліп отыр, оның ішінде Шығыс Қазақстан да бар. Шығыста сүт өңдеу өндірісі жақсы дамып жатқанын айтуымыз керек. Біз бүгін әдейілеп келіп, бір күнімізді осы өңірдегі алдыңғы қатарлы технологиямен жұмыс істеп, сапалы сүт өнімдерін шығарып жатқан кәсіпорындардың жұмысымен танысуға арнадық. «Майлы дақылдар тәжірибелік шаруашылығы» ЖШС-нің тауарлы-сүт фермасында өндіріліп жатқан сүттің сапасының өте жоғары. Сол себепті оны 1100 шақырым жерден келіп, арнайы көлікпен Алматыдағы «Фуд мастер» компаниясы күн сайын сатып алып кетіп жатыр. Әрі қарай өңдеп, қайта сатады. Бастапқы еңбектің бәрі осы жақта. Сондықтан әлеуеті мол әр өңірде сүт өңдеуді одан әрі дамыту керек. Осы сапар барысында көңілге түйген жайттарды, көтерілген мәселелерді комитеттің негізгі отырысында ғалымдармен, мамандармен талқылап, сүт өңдеушілердің саланы дамытуға қатысты ұсыныстарын Үкіметке жеткіземіз, – деді Парламент Мәжілісінің депутаты Серік Егізбаев.
Шығыс Қазақстан облысына сүтті мал шаруашылығын дамыту мәселелері бойынша көшпелі отырыс өткізуге келген Парламент Мәжілісінің аграрлық мәселелер комитетінің мүшелері бүгін өңірдегі іргелі кәсіпорындар - «Майлы дақылдар тәжірибелік шаруашылығы», «Бобровка+» және «Восток молоко» жауапкершілігі шектеулі серіктестіктерінде болды.
Жанаргүл Мұқатай