KZ
Өскемен
+21°
пасмурно жел 3,5 м/с, З
481.84 531.33 5.07

ШҚО: Сүт фермасындағы құлтемірлердің қуаты артты

14.02.2024, 20:25 136

«Бобровка+» ЖШС. Қазақстандағы алғашқы VMS Delaval робот-сауыншы 2012 жылы 4 желтоқсанда сағат 17.31-де іске қосылды».

Бобровка ауылындағы сүт фермасының алдында тұрған ескерткіш-белгі тақтада робот сауыншылардың «бісіміллә» деп жұмысқа кіріскен күніне, сағатына, минутына дейін жазылған. Осыдан 12 жыл бұрын Шығыс Қазақстан облысында іске қосылған мұндай сауын роботтары Қазақстанды қойып, Орта Азияда болмаған, деп хабарлайды Altainews.kz тілшісі.

Алғашқы жылы сүт фермасына Чехиядан 99 симменталь тұқымды сауын сиыр сатып әкелінген. Өз төлінен өсіп-өнген симменталь тұқымының саны бүгінде 900 басқа жуықтапты. 

Өткен жылдың соңында «Бобровка+» серіктестігінің фермасындағы тоғыз сауын роботының алтауы соңғы үлгідегі жаңасына ауыстырылған. Бұрыңғы бір сауын роботы күніне 50-60 сиыр сауса, қазір бір сауын роботы күніне 70-80 басты сауады. Күш-қуаты көбейген сужаңа құлтемірлер сауын фермасының өнімділігін одан сайын арттырған.

 Жаңа робот-сауыншылар сауылатын мал басын көбейтуге мүмкіндік беріп отыр. Былтыр Германиядан 92 бас сүтті бағыттағы симменталь тұқымды тайынша сатып әкелінген. Бүгінде олар төлдеп, сауылып жатыр. Робот-сауыншылардың жұмысын оператор Ақмарал Нұрмұхамбетова күні-түні бақылайды. Ауысыммен жұмыс істейтін оператор осылайша жалғыз өзі 600 сиырды бір өзі қадағалап, сауып отыр.

Тұрғындарға сүтті бағыттағы тайыншаларды сата бастамақ

«Бобровка+» ЖШС шаруашылығы екі жылдан кейін асыл тұқымды симменталь сиырларын облыс тұрғындарына сатуға ниеттеніп отыр. Сүтті сиырлар ауыл тұрғындарына, шаруашылықтарға сатылса, күніне шелек-шелек сүт сауылып, сүт өнімділігі  арта түспек.

Ермек Дайырбаев, «Бобровка+» ЖШС басшысы:

- Тұрғындарға, шаруашылықтарға жеңіл, тиімді болу үшін тайыншалар екі-үш айдан кейін төлдеп, сауылатындай буаз күйінде сатылады. Бірақ, симменталь тұқымы тым нәзік келеді. Бұзау кезінде балаға қараған сияқты күтім керек. Біздің фермадағы бұзау күтушілерге дейін шетелде тәжірибе жинақтап қайтқан. Біздің елде сүтті бағыттағы сауын сиырларының санын арттыру керек. Жыл сайын күзде бүкіл Еуропа елдеріндегі сүт өндірушілер мен өңдеушілердің көрмесі өтеді. Былтыр Германия, Бельгия, Франция сияқты Еуропа елдері мен Беларусь еліне барып, тәжірибе жинақтап қайттық. Орысша айтқанада «4 КККК» дейді (кадры, коровы, камфорт, корма), шаруашылықта осыларды қатаң сақтау керек. Шетелдерге барғанда осыған тағы бір көз жеткізіп қайттық. Сауын малына тамақты уақытында дайындап, рационына, нормасына сай беру керек. Бізде күніне он тоннадан астам сүт сауылып жатыр. Алысқа бармай-ақ Беларусь елін алайық, ол елде әрбір ауданда сүт өнімдерін тексеретін зертхана бар. Сүттің 46 көрсеткішін тексереді, 28  күні сүт арқылы сиырдың буаз екенін анықтап қояды. Елімізде Беларусь, Украинадан келіп үйретіп жүрген мамандар көп. Олар бізден 30-40 жылға дамып кеткен. «Жаманынан жирен, жақсысын үйрен» дейді. Біздің мамандарды, жұмысшыларды жақсысын көріп, өзімізде жүзеге асыру үшін сол елдерге жиі жіберу қажет. Қазақтай малға жақын халық жоқ. Беларусьте біздегідей жайылып жүрген мал жоқ. Жеке отбасылардың қолында мал өте аз. Селекцияның нәтижесінде сүт сауудан, өндіруден алға озып кеткен. Жұмысшыларына да барлық жағдай жасалған. Фермалардың маңайында жұмысшыларына үй салып тастаған. Жұмысшылар сонда тұрады. Олар жұмысқа ғана келеді. Басқа ештеңені уайымдамайды. Міне, сүт өндіруге, өңдеуге  деген осындай көзқарастың, озық технологияның арқасында Беларусь елінің сүт өнімдері біздің нарықты жаулап алған.


 

Жанаргүл Мұқатай

 

 

 

 

Біздің Instagram парақшамызға жазылыңыз

Жаңалықтарды ең бірінші болып оқыңыз

жазылу
Кликните на изображение чтобы обновить код, если он неразборчив