KZ
Өскемен
+21°
пасмурно жел 5,2 м/с, З
481.84 531.33 5.07

Сиырларды адам емес, робот сауады

24.12.2012, 18:00 178


Еліміздегі тұңғыш роботтандырылған сүт фермасы Бобровка ауылындағы «Бобровка+» ЖШС базасында ашылды , деп хабарлайды Аltaynews.kz тілшісі.

«Бизнестің жол картасы» және «Жаңа бизнес бастамаларын қолдау» мемлекеттік бағдарламаларының аясында жүзеге асып отырған бұл жоба заманауи технологиялық жетістіктердің барлығын қамтыған. Мұнда сауыншының міндетін құлтемір мүлтіксіз орындайды. Сауын үрдісі «ерікті сауын» деп аталуы да тегін емес.

Өйткені, «сауыншы робот» орналасқан стансаға Зеңгі баба түліктері кезекпен тұруға бар. Олай болатыны, сауын кезінде оларға арнайы қоспаларға шыланған жем беріледі екен. Әрбір сиырға оның соңғы сауыннан қанша сүт бергенін, соңғы рет қанша уақыт бұрын сауылғанын анықтау үшін арнайы чип тағылады.

Сауын кезінде сол мәліметке сәйкес мөлшерде жем беріледі. Егер сиыр соңғы сауыннан сегіз сағат өтпей жатып стансаға келген болса, робот оны әлсіз ток зарядының көмегімен қайтарып жібере алады. Ал уақыты сәйкес келген сиырдың алдынан есік ашылып, саумас бұрын желіні тазаланады. Сауылған сүттің құрамында кінәраттар болған жағдайда ондай өнім арнайы ыдыстарға жеке жөнелтіліп отырады. Сүтті неғұрлым мол берсе, себілетін жемнің де мөлшері көбейе бермек. Сауыннан шыққан сиыр арнайы қасыну аппаратының «қызметін» де пайдалана алады. Бұл технологияның арқасында сүтті сиырлар әдеттегі мөлшерден төрт есе мол өнім бере бастаған.

Ал сиыр қандай да бір себептермен стансаға келмей қалған жағдайда компьютерге қызыл белгімен дабыл қағылады. Сауынға жауапты малшы дабылдың себебін анықтайды.

Мұндай роботтандырылған жүйенің арқасында бір адам жүз сиырды емін-еркін бақылауында ұстай алады. 400 басқа арналған фермада барлық жұмыс түрлеріне бар болғаны 16 адам қабылданған. Мұндай сауыншы құлтемірдің әрбіреуі 30 сиырды тәулігіне үш уақыт сауады. «Бобровка+» ЖШС-індегі алты стансаның үшеуі бейімделуге жіберілген тоқсан сиырға «қызмет көрсетуде». Ферма 360 бас малға жобаланған екен. Етті әрі сүтті сиырлар Чехиядан әкелінеді. Бұл жоба 2017 жылға қарай өзінің толық қуатына енбек.

Жобаның бас мердігері «Восток-молоко» ЖШС директоры Сейілжан Сайлаубаев пен роботтандырылған технологияны ұсынып отырған швейцариялық «DELAVAL» фирмасының өкілі Тимур Хабибуллин әр түлікті жеке қадағалау, оның мол өнім беру мүмкіндігін алдын ала болжау, денсаулығында кінәрат бола қалған жағдайда дер кезінде емдеу, індеттің таралмауына жол бермеу сынды жауапты істер заманауи технологияның көмегімен мүлде жеңілдетілгенін айтады.

Есімжан Нақтыбай




Біздің Instagram парақшамызға жазылыңыз

Жаңалықтарды ең бірінші болып оқыңыз

жазылу
Кликните на изображение чтобы обновить код, если он неразборчив