KZ
Өскемен
+20°
пасмурно жел 5,3 м/с, З
481.84 531.33 5.07

ШҚО-дағы шаруашылықта роботтар жүздеген сауыншыны алмастырып отыр

11.12.2023, 19:32 216

«Восток Молоко» кәсіпорнын сүтпен қамтып отырған ірі шаруашылықтың бірі - Глубокое ауданының Бобровка ауылындағы «Бобровка+» ЖШС.

 

Қазір шаруашылықта симменталь асыл тұқымды 639 сүтті бағыттағы сиыр бағылып жатыр. 2012 жылы тауарлы-сүт фермасы толықтай роботталған сауын фермасы болып жарақтандырылды. Сөйтіп, Қазақстандағы ең алғашқы ақылды сауын фермасы Бобровка ауылында ашылған болатын, деп хабарлайды Altaynews.kz тілшісі.

 

Швеция елінен әкелінген тоғыз робот аппараты 639 бас сиырдың әрқайсысын күніне 4-5 рет сауып отырады. Әр сиырды саууға 5-6 минут уақыт кетеді. Бір сауылғанда бір сиырдан кем дегенде 7 литр сүт алынады. Бір робот тәулігіне 70 сиыр сауады екен.

 

Роботтар сиырдың бәрін компьютер арқылы, олардың чипі арқылы танып, қабылдайды. Сауын кабинасындағы сиырдың алдына құнарлы жем қойылған, ал тәтті жемді жеу үшін іле-шала қайтадан қайтып келген сиыр кіре алмайды. Сиырларды сауын кабинасына да ешкім арнайы кіргізбейді. Белгілі бір уақыттан кейін сүт керген желіндерін босатып, тәтті жем үшін өздері кіреді. 

 

Робот «мастит болып тұрған сиырды да анықтап, мал дәрігеріне белгі береді екен. Сауын кабинасына кіргенде де, одан шығарда да  сиырдың желіні мұқият жуылып, шайылады. Сауын сиырлары мал қорада күтіліп, бағылып отырғандықтан, олардың тұяғын қарап, алып отыратын ветеринар-ортопед те бар.

 

Мал шаруашылығы цехы басшысының орынбасары Геннадий Заикин сырт көзге құр темір болып көрінген робот аппараттардың жұмысымен таныстырып шықты.

 

«Восток Молоко» ЖШС, «Бобровка+» ЖШС, облыстағы тағы үш сүтті бағыттағы шаруашылық - кластерлік жүйеде жұмыс істеп жатқан өндірістер. Әр ауданда орналасқан шаруашылықтар сауылған сүтті Өскеменге «Восток Молоко» сүт комбинатына жөнелтіп жатыр.

- Төрт шаруашылық та бір корпорацияға кіреді. Мал азығындық егістікпен де айналысамыз. 2,3 мың гектарға жүгері, люцерн, жоңышқа, эспарцет басқа да көп жылдық шөптерді егіп, пішендеме, сүрлемді өзіміз дайындаймыз. Малдың жемін де өзіміз дайындаймыз. Өндірістің бәрі автоматтандырылған. Адам күшін қажет етпейді. Қазір бізде бар жоғы 26 адам ғана жұмыс істеп жатыр. Жұмысшылардың еңбекақысы 300 мың теңге көлемінде. Бүкіл роботтарды бір ғана оператор компьютерден басқарып, реттеп отыр. Кейбір сиырлар асау болады. Ол кезде бағдарламаны қолмен атқарылатын жүйеге көшіру керек болады, - дейді «Бобровка+» ЖШС бас директоры Талғат Қырықбаев.

«Восток Молоко» сүт комбинатының ел ішіп, жеп жатқан ағарғандарына қажетті сүтті, міне, осындай жүз кісінің жұмысын алмастырып тұрған ақылды роботтар сауып жатыр. Агроөнеркәсіп жаппай болмаса да, жартылай жоғары технологиялармен жұмыс істесе саладағы еңбек өнімділігі артып, сапа мен сан артып, ауыл шаруашылығы шындап алға басар еді.

 

Жанаргүл Мұқатай

Біздің Instagram парақшамызға жазылыңыз

Жаңалықтарды ең бірінші болып оқыңыз

жазылу
Кликните на изображение чтобы обновить код, если он неразборчив