KZ
Өскемен
-20°
плотный туман Штиль
526.11 542.31 4.76

ШҚО-ға көшіп келетін қандастар қай аудандарға қоныстанады?

Фото: bondik-kids.ru

21.02.2024, 10:45 188 Ләззат Қанатқызы

Биыл елімізде қандастар мен қоныс аударушыларға берілетін өңірлік квота көлемі едәуір артқан. Қазақстан бойынша 9 мыңнан астам адамға квота бөлу жоспарланса, оның ішінде Шығыс өңіріне 641 адам (269 қандас, 374 қоныс аударушы) көшіп келмек.

Осы орайда айта кету керек, 2017-2023 жылдар аралығында «Еңбек» мемлекеттік бағдарламасы және «Қуатты өңірлер - ел дамуының драйвері» ұлттық жобасы шеңберінде ШҚО-ға 2715 адам (1080 отбасы) қоныс аударған, деп хабарлайды Altainews.kz тілшісі.

Облыстың жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар басқармасы басшысының орынбасары Динара Қожанованың айтуынша, биыл қандастар мен қоныс аударушылар үшін инфрақұрылым, әлеуметтік нысандар, баспана және жұмысқа орналасу мүмкіндіктері бойынша сараптама жүргізілген. Нәтижесінде 79 өңір таңдап алынды.

- Қандастар 32, қоныс аударушылар 65 елді мекенге қоныстана алады. Бұл ретте ҚР Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың жаңадан құрылған Катонқарағай және Марқакөл шекаралас аудандарын қалпына келтіру туралы шешімі басты назарға алынып отыр. Соңғы сараптама қортындысы бойынша, Өскемен қаласы мен Ұлан, Зайсан аудандарына қоныс аударған қандастар саны өте көп екені анықталды. Жағдайды реттеу үшін облыстың барлық аудандарына квота бөлінді. Бірақ, қатып қалған қағида жоқ. Оны өзгертуге де болады, - дейді Динара Қожанова.

Сондай-ақ аталған басқарма мамандарының сөзінше, өңірге қоныс аударушылар мен қандастар аудандардағы маман жетіспеушілігі мәселесін шешуге көп ықпал ететін көрінеді. Арасында өз кәсібін бастап, аудан экономикасын дамытуға ат салысып жатқандары да жоқ емес. Мәселен, бүгінде 2023 жылы өңірге қоныс аударғандар арасында 23 адам өз кәсібін дөңгелетіп отырған көрінеді.

 

Біздің Instagram парақшамызға жазылыңыз

Жаңалықтарды ең бірінші болып оқыңыз

жазылу