Ел мен елді қауыштырған жәрмеңке - ШҚО (видео)
Бүгін Өскеменде Күршім ауданы ауыл шаруашылығы өнімдерінің жәрмеңкесі өтті. Қытымыр қыстың қаһары қайтып, күн мен түн теңеліп, күллі дүние қайта түлер Ұлыстың ұлы күні қарсаңында ұйымдастырылған күршімдіктердің жәрмеңкесіне келген қала тұрғындарының қарасы қалың, деп хабарлайды Altainews.kz тілшісі.
Жуанның жіңішкеріп, жіңішкенің үзілер көктемгі көкөзек шақта қолжетімді бағада сатылып жатқан қай өнім түрі де көпшіліктің көңілінен шыққаны көрініп тұр. Шаруа қожалықтарының, диқандар мен омарташылардың әкелген өнімдерінің бағасы нарықтағыдан біршама арзан болғандықтан, таңғы сағат 8-ден бастап жәрмеңке саудасы қызды.
Күршім ауданы Наурыз мерекесі қарсаңында Өскемендегі «Үміт» балалар үйіне деп бір «Газель» азық-түлік өнімдерін: қой еті, көкөніс, күнбағыс майы, жеміс-жидек, тәттілер ала келіпті. Балалар үйінің ұстаздарына қаржылай көмек те көрсетпек. Аудан желтоқсанда, жаңа жыл қарсаңында да балалар үйіне осындай сыйлық тару еткен.
Бұл күнде аудан диқандары көктемгі егіске дайындалып жатыр. Аудандық кәсіпкерлік және ауыл шаруашылығы бөлімінің басшысы Ришат Искаковтың айтуынша, көктемгі науқанға аудан шаруашылықтарына 250 тонна жағармай бөлінген, сәуірден бастап жеткізіле бастамақ. Шаруашылықтар егін түсімін молайтудың қамында. Абай ауылдық округіндегі «Ұлан» шаруа қожалығы биыл алғаш рет егістік алқабына жаңбырлатып суару технологиясын пайдаланбақшы. Жаңа тәсіл егін түсімін 20-30 пайызға көбейтеді.
Жанаргүл Мұқатай