Қазақстандықтар енді Apple-дің денсаулыққа қатысты заманауи цифрлық сервистерін пайдалана алады

Фото: Денсаулық сақтау министрлігі
Қазақстан Республикасы Денсаулық сақтау министрлігі мен Apple компаниясы арасындағы келіссөздер нәтижесінде елімізде Apple құрылғыларындағы денсаулықты бақылауға арналған бірқатар маңызды цифрлық сервистер қолжетімді болды. Бұл сервистер бұған дейін тек АҚШ, Канада, Германия, Ұлыбритания және Аустралия сияқты елдерде ғана жұмыс істейтін, деп хабарлайды Altainews.kz тілшісі.
Енді қазақстандық пайдаланушылар өз денсаулығын заманауи технологиялар арқылы бақылауға мүмкіндік алып отыр. Apple Watch пен AirPods Pro құрылғыларында қолжетімді болатын жаңа функциялар жүрек ырғағын қадағалау, ұйқы кезіндегі тыныс алудың бұзылуын анықтау, есту қабілетін бағалау және есту мүмкіндігі шектеулі жандарға қолдау көрсетуге арналған.
Apple Watch Series 6 және одан кейінгі модельдерінде электрокардиограмма (ЭКГ) жазу функциясы қолжетімді. Бұл мүмкіндік жүрек ырғағындағы ауытқуларды анықтауға көмектеседі. ЭКГ жазу процесі небәрі 30 секунд уақыт алады. Алынған деректер арнайы қосымшада сақталып, қажет болған жағдайда дәрігерге көрсетілуі мүмкін.
Сондай-ақ Apple Watch Series 9 және одан кейінгі нұсқаларында ұйқы кезінде тыныс алудың уақытша тоқтауын тіркеу функциясы енгізілді. Бұл апноэ деп аталатын жағдай созылмалы шаршау мен өзге де денсаулық мәселелеріне себеп болуы мүмкін. Енді пайдаланушы тыныс алудың бұзылғаны туралы хабарлама ала алады.
AirPods Pro 2 және кейінгі модельдер үшін есту қабілетін тексеруге арналған функция іске қосылды. Бұл құрал тыныш ортада шамамен бес минут ішінде есту деңгейін бағалауға мүмкіндік береді. Нәтижелер iPhone немесе iPad құрылғысындағы арнайы қосымшада сақталып, динамиканы бақылауға және қажет болған жағдайда маманға жүгінуге жол ашады.
Сонымен қатар жеңіл және орташа есту қабілетін жоғалтқан адамдар үшін дыбысты жеке қажеттіліктерге бейімдейтін арнайы функция енгізілді. Бұл сөйлеуді жақсырақ естуге және қоршаған дыбыстарды қабылдауды жеңілдетуге көмектеседі.
Аталған функциялар медициналық диагностика, емдеу немесе алдын алу құралы ретінде қолданылмайды. Олар тек көмекші құрал ретінде қызмет етіп, денсаулық жағдайын бақылауға мүмкіндік береді. Қандай да бір белгілер байқалған жағдайда дәрігерге жүгіну қажет.
Денсаулық сақтау министрлігі азаматтардың әл-ауқатын арттыру мақсатында заманауи технологиялардың қолжетімділігін кеңейту жұмыстарын жалғастыра бермек.