Бозанбайдан шыққан бүркітші қыз

Бозала таңнан тіршілігі қыз-қыз қайнап жататын Бозанбай ауылы қай заманда да қыран құстың қиқуынан арылған емес. Бұл өңір – бүркіт баптаудың қастерлі ордасы. Жыл сайынғы дәстүрлі құсбегілік сайыстары да осы ауылдың маңындағы биік жотада өтеді. Сол додада Айзере үнемі алдыңғы қатардан табылады. Ол қыранды сәндік үшін емес, сайысқа жарату үшін баптайды. Ең бастысы – ата жолын жалғап келеді, деп хабарлайды Altainews.kz тілшісі.
Бозанбай – қыран құстар мекені
Бозанбайдың табиғаты құс салуға да, тазы жүгіртуге де қолайлы. Айнала ашық – бытысқан бұтасы, тұтасқан орманы жоқ. Алқабын тақыр төбелер көмкерген, ал ұшар басын бұлт шалған асқар таулары алыста мұнартқан мекен. Айзере балапан алған шың да – сонау Қалба тауларының бір биігі. Осыдан үш-төрт жыл бұрын әкесі Маркс ерте көктемнен бастап қыранның ұя салар жерін, балапан басқан шыңдарын бақылап жүріпті. Сол құзар шыңдардың біріне Айзере ағасы Бағжанмен бірге барып, қыран балапанын алуға бел буған. Ұябасары ұзап кеткен сәтте шапшыма шыңға өрмелеп, балапан жатқан ұяға жеткен. Сол биіктен қорықпай түсіп, балапанды қолына алған кішкентай Айзере еді.
Сол балапанын күтіп-баптап, қансонарда түлкіге салып, бағын сынаған да осы – Айзере. Оның қыраны талай қоян, ондаған түлкіні ілген. Бұл – заң шеңберінде жүргізілетін кәсіби аңшылық.
Құсбегіліктің машақаты көп-ақ
Айзерені қыран баптауға әкесі үйреткен. Кішкентай кезінен-ақ қаршыға, ителгі ұстатып, баулып келеді. Құсбегілік – оңай өнер емес. Бағып отырған құсын өзі тамақтандырып, өзі күтіп, бабына келтіреді. Қыс бойы аңға салып, көктемде түлету – әрбір құсбегінің міндеті.
Айзеренің отбасы өнерден де кенде емес. Анасы Шәкерман қолы босаса, алаша тоқып, сырмақ сырады, кесте тігеді. Киіз үйдің бүкіл жабдығын өз қолымен жасайды. Айзере де анасына қолқанат. Құсбегілігімен қатар, ісмерлігі де бір төбе.
Бұл отбасы Ұлан ауданында этнотуризмді дамытуға кіріскен. Жазда әйгілі Сібе көлдеріне бет алған туристер жолай осы үйге соқса, ертегідегідей көріністің куәсі болады. Үйдегі қазаны оттан түспейтін, ұлттық тағамы үзілмейтін шаңырақтың тіршілігі қызықтырардай. Ұлдары – жүйрік баптаған, қазақ дәстүрін сақтаған азаматтар. Ал кенже қыздары Айзере де ата жолын жалғап келеді.
Көнеден жеткен өнер – келешекке аманат
Бұл отбасының басты ерекшелігі – этнотуризмді тек сөз жүзінде емес, іс жүзінде қолға алғаны. Шәкерман Ошан құрайтын киіз үйлер темір қаңқалы емес, кәдімгі қазақтың ағаштан қиылған киіз үйлері. Шаңырағы да, уығы мен керегесі де – көненің көзі. Жабдықтары – қолдан жасалған ұлттық бұйымдар. Мұның бәрі туристер үшін ерекше қызық.
Айзеренің арманы да асқақ. Егер этнотуризм жобасы толық жүзеге асса, атпен серуендеу, бүркітпен аңға шығу, тіпті түйемен жүру мүмкіндігі пайда болмақ. Бұл үшін түйе де сатып алынған, ағалары оны үйретіп, жүруге жаратып қойған. Түйенің жабдығын да Айзере анасы екеуі тігіп әзірлеген.
Бозанбай қыранның қиқуы үзілмеген қасиетті мекен. 80-ші жылдары бұл ауылда елімізге белгілі құсбегі Өзбек Манапов өмір сүрген. Оның бүркіті ұсақ аңды қойып, қасқырға дейін түскен деседі. Оның есімі күллі елге таралып, аңызға айналған. Тіпті Жапониядан журналистер арнайы келіп, деректі фильм түсірген.
Сол ата дәстүрді үзбей жалғап келе жатқан – Маркс әулеті. Қызы Айзере де құсбегілік өнерді серік еткен. Әйтпесе, бүгінгі таңда қыранның жаратылысын білмейтін, бүркіттің бабын түсінбейтін жандар да кездесіп жатады. Ал Айзере – қыранның қыр-сырын меңгерген, қыран мінезді қыз.