KZ
Өскемен
+5°
ясно жел 5 м/с, В
514.94 583.74 6.13

ШҚО тұрғындарына 30,1 млрд теңгеден астам әлеуметтік төлемдер берілді

pixabay.com

7.04.2025, 16:30 164 Төлеуғазы Жансая

Міндетті әлеуметтік сақтандыру жүйесі – азаматтардың әлеуметтік қауіпсіздігін қамтамасыз етудің маңызды құралы. Бұл жүйе белгілі бір әлеуметтік тәуекелдер туындаған кезде жұмыс істейтін азаматтарға қосымша қаржылық қолдау көрсетуге бағытталған. Мемлекеттік әлеуметтік сақтандыру қоры әлеуметтік аударымдар негізінде жұмыс істейтін азаматтарды қамсыздандыруды жүзеге асырып келеді. Әлеуметтік аударымдарды төлеу жұмыс берушілердің міндеті болып табылады, ал биылдан азаматтық-құқықтық сипаттағы шарттар бойынша жұмыс істейтін жеке тұлғалар да осы жүйеге қатыса бастады, деп хабарлайды Altainews.kz тілшісі

Мемлекеттік әлеуметтік сақтандыру қоры 2005 жылдан бастап белгілі бір әлеуметтік тәуекелдер туындаған кезде жұмыс істейтін азаматтарды әлеуметтік қамсыздандырудың қосымша деңгейін іске асырады.

Міндетті әлеуметтік сақтандыру жүйесінің қаржы ресурстары төлеушілердің, яғни жұмыс берушілердің жұмыскерлер үшін, сондай-ақ жеке кәсіпкерлер мен жеке практикамен айналысатын адамдардың өздері үшін қорға төлейтін әлеуметтік аударымдары есебінен қалыптастырылады. Бұл ретте, әлеуметтік аударымдар жұмыскерлердің жалақысынан ұсталынбайды, ол жұмыс берушілердің қаражаты есебінен төленеді.

Осылайша, міндетті әлеуметтік сақтандыруда жұмыс берушінің жауапкершілігі іске асырылады.

2025 жылдан бастап жүйеге салық агенттерімен жасалған, нысанасы жұмыстарды орындау (қызметтер көрсету) болып табылатын азаматтық-құқықтық сипаттағы шарттар (АҚС шарты) бойынша табыс алатын жеке тұлғалар кірді.

АҚС шарттары бойынша табыс алатын жеке тұлғалар үшін әлеуметтік аударымдарды есептеу объектісі олардың алатын табысы болып табылады, ал әлеуметтік аударымдарды төлеушілер – АҚС шарты жасалған салық агенттері болып табылады.

Әлеуметтік аударымдардың мөлшерлемесі 2025 жылдан бастап 5% құрайды. Бұл ретте, салық заңнамасына сәйкес салық төлеушілер әлеуметтік салықтың есептелген сомасын қорға төленген әлеуметтік аударымдар сомасына азайтады.

Әлеуметтік кодекске сәйкес бір төлеушіден әлеуметтік аударымдарды есептеудің ай сайынғы объектісі республикалық бюджет туралы заңда тиісті қаржы жылына белгіленген ең төменгі жалақының (ЕТЖ) 7 еселенген мөлшерінен аспауға тиіс. Егер бір төлеушіден күнтізбелік ай үшін әлеуметтік аударымдарды есептеу объектісі 1 ЕТЖ-дан аз болса, онда әлеуметтік аударымдар 1 ЕТЖ негізге алына отырып төленеді.

Осыған байланысты әлеуметтік аударымдардың ең төменгі мөлшері 2025 жылғы 1 қаңтардан бастап 4 250 теңгені (85 000 теңге * 5%), ал ең жоғары мөлшері – 29 750 теңгені ((7 * 85 000 теңге) * 5%) құрайды.

Міндетті әлеуметтік сақтандыру жүйесіне Шығыс Қазақстан облысынан 264,5 мыңға жуық жұмыс істейтін азамат қатысады және жыл сайын өңірде 41 мыңнан аса адам қордан әлеуметтік төлемдер алады.

Жүйе қордан тағайындалатын екі ұзақ мерзімді әлеуметтік төлемді қарастырады – жұмыскер жалпы еңбек ету қабілетінен айырылған кезде, сондай-ақ ол қайтыс болған жағдайда оның отбасы мүшелері асыраушысынан айырылу жағдайына әлеуметтік төлем алады. Бұл төлемдер бюджет қаражаты есебінен мүгедектігі, асыраушысынан айырылу бойынша мемлекеттік әлеуметтік жәрдемақыларға қосымша жүзеге асырылады. Ұзақ мерзімді әлеуметтік төлемдер жыл сайын Үкімет шешімі негізінде индекстеледі. 2025 жылдың 1 қаңтарынан бастап аталған төлемдер 6,5%-ға арттырылды. Облыс бойынша еңбекке қабілеттіліктен айырылған 2611 адамға және асыраушысынан айырылған 2840 отбасыға әлеуметтік төлемдер автоматтандырылған режимде арттырылды.

2024 жылы Шығыс Қазақстанда 3456 адам еңбекке қабілеттілігінен айырылуы жағдайына жалпы сомасы 1,4 млрд теңге, асыраушысынан айырылу жағдайы бойынша 3230 отбасы 1,4 млрд теңге сомасында әлеуметтік төлемдер алды.

Келесі екі әлеуметтік төлем ана мен балаға байланысты. Мәселен, жұмыс істейтін әйел жүктілікке және босануға, сондай-ақ бір жарым жасқа дейінгі бала күтіміне байланысты әлеуметтік төлемдер алады.

2024 жылы Шығыс Қазақстандағы 6557 болашақ ана жүктілікке және босануға байланысты жалпы сомасы 13 млрд теңгеге, сондай-ақ бала күтіміне байланысты 17498 адам жалпы сомасы 10,6 млрд теңгеге әлеуметтік төлемдер алды.

Жүйеге қатысушы үшін маңызды қолдау – жұмысынан айырылу себептеріне қарамастан, Мансап орталығы оны жұмыссыз ретінде тіркеген жағдайда тағайындалатын жұмысынан айырылуы бойынша әлеуметтік төлем. Шығыс Қазақстанда 2024 жылдың қорытындысы бойынша 10292 адам жалпы сомасы 3,5 млрд теңгеге көрсетілген төлемді алды.

Осылайша, 2024 жылғы 1 қаңтардағы жағдай бойынша Шығыс Қазақстан тұрғындары үшін қордан 30,1 млрд теңгеден астам сомаға әлеуметтік төлемдер төленді.

Әлеуметтік тәуекелдер туындаған кезде әлеуметтік төлемдердің мөлшері жеке есептеледі және әлеуметтік аударымдардың қорға уақтылы және толық төленуіне тікелей байланысты екенін айта кету керек. Осыған байланысты, жұмыс істейтін азаматтар үшін қорға нақты түскен әлеуметтік аударымдардың сомасын тұрақты негізде тексеріп отыру маңызды. Бұл бүгінгі таңда egov.kz электронды үкімет порталы немесе екінші деңгейдегі банктердің мобильді қосымшалары арқылы онлайн режимінде, сондай-ақ «Азаматтарға арналған үкімет» мемлекеттік корпорациясының (ХҚКО) бөлімшелері немесе қордың филиалдары арқылы офлайн режимде қолжетімді.

Жалпы қордың негізгі міндеті – әлеуметтік тәуекелдер туындаған кезде әлеуметтік төлемдердің тиісті мөлшерін алу мақсатында халықты жұмыспен қамтуды ынталандыру, сондай-ақ мемлекеттік қызметтердің сапасы мен қолжетімділігін арттыру.

 

Мемлекеттік әлеуметтік сақтандыру қорының облыстық филиалы

Біздің Instagram парақшамызға жазылыңыз

Жаңалықтарды ең бірінші болып оқыңыз

жазылу