Мүлікке тыйым салу: заң шеңберінде қалай іске асады?

pixabay.com
Мүлікке тыйым салу шарасы заңды әрі әділ қолданылуы қажет, өйткені бұл азаматтардың меншік құқығына тікелей әсер ететін шара. Қылмыстық процестің дұрыс жүріп, қоғамда заң үстемдігін қамтамасыз ету үшін мүлікке тыйым салу тек заң аясында жүзеге асырылуға тиіс, деп хабарлайды Altainews.kz тілшісі.
Қазақстан Республикасының қылмыстық процесінде мүлікке тыйым салу – бұл үкімнің орындалуын қамтамасыз ету, шығынды өтеу, мүлікті тәркілеу немесе меншік құқығын шектеу мақсатында қолданылатын процестік мәжбүрлеу шарасы. Бұл шара Қылмыстық-процестік кодекспен (ҚПК) және Азаматтық кодекстің жекелеген ережелерімен, сондай-ақ «Атқарушылық іс жүргізу туралы» заңымен реттеледі.
ҚПК-нің 161-ші бабына сәйкес, мүлікке тыйым салу келесі жағдайларда қолданылады, егер жеткілікті негіздер болса, мүлік қылмыстық жолмен алынған немесе қылмыстың құралы болып табылса, қылмыстық заңнамаға сәйкес мүлікті тәркілеу қажет болса, қылмыстық іс-әрекеттен келген зиянды өтеу талап етілсе, ықтимал азаматтық талаптарды қамтамасыз ету қажет болса.
Мүлікке тыйым салу тәртібі келесі кезңдерден тұрады. Біріншісі – бастамашылық ету. Яғни, тергеуді жүзеге асыратын тұлға күдіктінің немесе оның әрекеттері үшін материалдық жауапкершілікке тартылатын тұлғалардың мүлкіне тыйым салу туралы өтінішхат жасау жөнінде қаулы шығарады. Екіншісі – өтінішхат беру. Атап айтқанда, қаулы мен істің расталған көшірмелері тергеу судьясына мүлікті анықтаған сәттен бастап 48 сағаттан кешіктірмей жолданады. Қаулының көшірмесі бір мезгілде прокурорға да жіберіледі. Үшіншісі – өтінішті қарау. Тергеу судьясы өтінішті сотқа келіп түскеннен кейін 24 сағат ішінде қарайды. Қарау нәтижесі бойынша мүлікке тыйым салуды мақұлдау немесе бас тарту туралы қаулы шығарылады.
Тыйым салынуы мүмкін мүлік түрлері – жылжымалы мүлік (көлік, техника, қолма-қол ақша және т.б.), жылжымайтын мүлік (пәтерлер, үйлер, жер телімдері), бағалы қағаздар, банк шоттары, талап ету құқықтары, басқа да материалдық құндылығы бар мүліктер.
Мүлікке тыйым салудың салдары жөнінде айтар болсақ, меншік иесіне мүлікті сатуға, сыйлауға, кепілге беруге тыйым салынады. Кейбір жағдайларда мүлік тәркіленіп, сенімді сақтауға беріледі. Егер тұлға кінәсіз деп танылса, мүлікке салынған тыйым алынып, иесіне қайтарылады.
Мүлікке салынған тыйым қажеттілігін жоғалтса, алынып тасталады. Тергеу судьясының санкциясымен салынған тыйымды жою прокурордың келісімімен қылмыстық қудалау органы шығарған дәлелді қаулы негізінде жүзеге асады.
Мүлікке тыйым салу туралы қаулыға қатысты ҚПК-да белгіленген тәртіппен сотқа шағымдануға болады. Қорғаушы тарап тыйымды жою туралы өтініш беруге құқылы, егер оның заңсыз немесе негізсіз салынғаны дәлелденсе.
Кейбір мүлік түрлеріне тыйым салуға болмайды, олар – сотталған адам мен оның отбасының жалғыз тұрғын үйі (егер оның ауданы белгіленген нормадан аспаса), тұрмыстық жиһаз, ыдыс-аяқ, пайдаланылған киімдер, сотталған адам мен оның отбасы мүшелеріне жаңа өнім жиналғанға дейін қажетті азық-түлік қоры, ас әзірлеу мен тұрғын үйді жылытуға арналған отын, сотталған адамның кәсіби қызметін жалғастыру үшін қажетті құрал-жабдықтар (егер бұл мүлік қылмыс жасау үшін пайдаланылмаса немесе сотталушыға белгілі бір қызмет түрімен айналысуға тыйым салынбаса). Бұл тізімнің толық нұсқасы ҚПК-нің баптарында көрсетілген.
Қазақстан Республикасының қылмыстық процесінде мүлікке тыйым салу – жәбірленушілер мен мемлекеттің мүдделерін қорғауға бағытталған маңызды шара. Алайда, оны қолдану азаматтардың құқықтарын заңсыз шектеуге жол бермеу үшін процестік нормаларды қатаң сақтауды талап етеді.
Жарқын Аринов,
Өскемен қаласы мамандандырылған тергеу сотының судьясы