Наурыз FEST – 2024: Наурызға тарту, бүркітші қыз, Ornek Oskemen
Ұлыстың ұлы күні қарсаңында ұлттық құндылықтар ұлықталып, дәстүр мен салт дәріптелуде. Өйткені наурыз – жыл басы, бірлік пен татулық, ізгілік пен бақыт, жаңару мен жаңғыру мейрамы. Осы қатарда А.С.Пушкин атындағы облыстық кітапхана «Наурыз FEST – 2024» өткізіп, Наурыз мейрамын ерекше шаралар легімен жалғастырды.
Кітапханаға жиналған жұрт алдымен «Наурызға тарту» көрме-жәрмеңкесін тамашалап, қолөнер шеберлерінің ұлттық нақыштағы түрлі бұйымдарын сатып алды. Осыдан кейін әлемге әйгілі бүркітші Айшолпан Нұрғайыпқызы мен «Ornek Oskemen» шеберханасы және «NAIZA» компаниясының басшысы Хабиұлы Нарынбекпен өткен кездесуге қатысты, деп хабарлайды Altainews.kz тілшісі.
Әуелі оқырман қауым жыл басына арналған «Нұр себеле, Ұлыстың ұлы күні!» атты қызықты да тағылымды интерактивті әдебиеттер көрмесімен танысты.
Осыдан кейін кәсіпкер, ағаш шебері, «Ornek Oskemen» шеберханасы мен «NAIZA» компаниясының басшысы Хабиұлы Нарынбек және әлемге әйгілі бүркітші Айшолпан Нұрғайыпқызы оқырман қауыммен кездесіп, жетістікке жетудің жолы жайында әңгіме өрбітті. Кездесуде ұлттық құндылықты ұлықтау жайы да тілге тиек етілді.
Осыйлайша, облыстық кітапхана төрінде тағы бір рухани шара өтіп, Наурыз мейрамының мазмұны мен мәні насихатталды.
Фото: А.С.Пушкин атындағы облыстық кітапхана