KZ
Өскемен
-3°
небольшая облачность жел 3 м/с, ОБ
519.61 610.13 6.54

Кадр сапасы – басты мәселе: Қазақстанда педагог даярлау жүйесі қайта қаралуда

Кеше, 12:00 138 Төлеуғазы Жансая

Қазақстанда мұғалімдерді даярлау сапасы мен мектептердегі кадр тапшылығы Үкімет деңгейінде талқыланды. Вице-премьер Аида Балаеваның төрағалығымен өткен кеңесте салалық министрліктер мен педагог кадрларды дайындайтын жоғары оқу орындарының өкілдері қазіргі жүйедегі кемшіліктер мен оларды шешу жолдарын қарастырды, деп хабарлайды Altainews.kz тілшісі.

Жиынға ҚР Премьер-министрінің орынбасары – Мәдениет және ақпарат министрі Аида Балаева, Ғылым және жоғары білім министрі Саясат Нұрбек, Оқу-ағарту министрі Жұлдыз Сүлейменова, Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрінің міндетін атқарушы Асқарбек Ертаев, сондай-ақ педагогикалық бағытта маман дайындайтын жоғары оқу орындарының басшылары қатысты.

Кеңесте негізгі назар педагогикалық білімнің сапасына және оның мектепке дейінгі және мектептегі білім беру деңгейіне тікелей әсеріне аударылды. Вице-премьерге педагогикалық білім беруді дамыту тұжырымдамасының жүзеге асырылу нәтижелері мен Экономикалық ынтымақтастық және даму ұйымының (ЭЫДҰ) TALIS халықаралық зерттеуінің қорытындылары ұсынылды.

Сараптамалық материалдарда соңғы үш жылда педагог даярлау жүйесін жаңғырту бағытында оң өзгерістер бар екені айтылғанымен, бірқатар өзекті мәселелер де анықталған. Атап айтқанда, жоғары оқу орындарында мұғалімдер мен тәрбиешілерді даярлау сапасының жеткіліксіздігі мектеп түлектерінің білім деңгейіне тікелей әсер ететіні атап өтілді.

Кеңес барысында педагогтардың функционалдық сауаттылығын арттыру, сын тұрғысынан ойлау дағдыларын дамыту, цифрлық құзыреттерді күшейту және білім беру үдерісіне жасанды интеллектіні нақты қолдану тетіктерін енгізу мәселелеріне ерекше көңіл бөлінді. Бұл бағыттар білім беру жүйесі мен еңбек нарығындағы өзгерістерді ескере отырып, аса маңызды деп танылды.

Қазіргі таңда Қазақстанда 52 жоғары оқу орны педагогикалық мамандықтар бойынша бакалаврларды даярлауға лицензия алған. Алайда соған қарамастан, мектептерде кадр тапшылығы мәселесі әлі де өзекті күйінде қалып отыр. Кеңес барысында салалық ведомстволар мен педагогикалық жоғары оқу орындарының басшылары жүйеде қордаланған бірқатар түйткілді мәселелерді көтерді.

Аида Балаева қалыптасқан жағдайдың негізгі себептерінің бірі – министрліктер, жергілікті атқарушы органдар мен жоғары оқу орындары арасындағы өзара үйлесімді жұмыстың жеткіліксіздігі екенін атап өтті. Оның айтуынша, осы үйлесімнің болмауы өңірлердің нақты қажеттіліктеріне дер кезінде жауап беруге мүмкіндік бермей отыр.


– Кадр тапшылығы мәселесін өңірлер бойынша нақтылау қажет. Қай өңірде қандай пән мұғалімі жетіспейді – соған қарай қабылдау көлемін реттеу керек. Мысалы, математиктер тапшы болса, сол бағытта гранттар көбейтілуі тиіс. Жоғары оқу орындары еңбек нарығына бейімделуі қажет. Алдағы уақытта жасанды интеллектінің дамуына байланысты кейбір мамандықтар өзектілігін жоғалтуы мүмкін. Осыны ескере отырып, ЖОО мен колледждер нақты сұранысқа сай маман даярлауы тиіс, – деді Аида Балаева.

Сонымен қатар вице-премьер болашақ мұғалімдерді даярлауда практиканың аздығы да үлкен мәселе екенін атап өтті.

– Теория тәжірибемен ұштаспаса, оның пайдасы жоқ. Білім нақты қолданылған кезде ғана нәтиже береді. Барлық жоғары оқу орындарында студенттердің педагогикалық практикадан өтуіне бірдей мүмкіндік болуы керек. Қазір біз мамандарды дайындаймыз, бірақ диплом алған жас мұғалімдер бұл саладан кетіп қалып жатады. Бұл кадр тапшылығын одан әрі ушықтырады. Сондықтан барлығымыз бірлесе әрекет етуіміз қажет. Қазір ведомствоаралық өзара іс-қимыл бұрынғыдан да маңызды, – деп атап өтті ол.

Кеңес қорытындысы бойынша ҚР Премьер-министрінің орынбасары бірқатар нақты тапсырмалар берді. Атап айтқанда, салалық министрліктер мен жоғары оқу орындары педагогикалық білім беруді дамыту тұжырымдамасын жасанды интеллект технологияларын енгізу бағытында қайта пысықтауы тиіс.

Сонымен бірге оқытудың практикалық бағытын күшейту, еліміз бойынша студенттердің өндірістік практикасын бөлудің бірыңғай жүйесін енгізу жөнінде нақты жұмыс жоспарын әзірлеу тапсырылды. Мемлекеттік білім беру гранттарын өңірлік қажеттіліктер мен түлектердің жұмысқа орналасу көрсеткіштеріне байланысты қайта бөлу мәселесін қарау да күн тәртібіне қойылды.

Бұдан бөлек, мектеп оқулықтарын әзірлеу жүйесіне жетекші педагогикалық университеттерді тарту арқылы қосымша талдау жүргізу және жоғары оқу орындарының мемлекеттік идеологиялық жұмысты, әсіресе мектепке дейінгі білім беру жүйесінде ілгерілетуі де жеке тапсырма ретінде белгіленді.

Енді жауапты министрліктер мен жоғары оқу орындары нақты іске көшуі тиіс. Гранттарды қайта бөлу, практиканы күшейту және өңірлік сұранысты ескеру – еліміздегі педагог тапшылығын азайтып, білім сапасын арттыруға бағытталған негізгі қадамдар болмақ.

Фото: ҚР Үкіметі

Дамир Омаров

Біздің Instagram парақшамызға жазылыңыз

Жаңалықтарды ең бірінші болып оқыңыз

жазылу