KZ
Өскемен
-4°
туман жел 1 м/с, Ю
522.38 612.6 6.54

Шығыс Қазақстанда сәбилерге қандай есімдер қойылады

Бүгін, 14:00 74 Төлеуғазы Жансая

Шығыс Қазақстан облысында биыл дүниеге келген нәрестелерге ең жиі қойылған есімдер белгілі болды. Өңірдегі туу туралы тіркеу деректеріне сүйене отырып, ең танымал балалар есімдерінің рейтингін «Азаматтарға арналған үкімет» мемлекеттік корпорациясының ШҚО бойынша филиалы жасақтады, деп хабарлайды Altainews.kz тілшісі.

Мамандардың айтуынша, бұл деректер өңірдегі демографиялық үрдістермен қатар, ата-аналардың есім таңдаудағы талғамын да айқын көрсетеді. Сонымен қатар құжаттарды рәсімдеуде цифрлық сервистерге деген сенімнің артқаны байқалады.

Рейтингке сәйкес, биыл қыз балаларға ең көп қойылған бес есімнің қатарына Ай-Сафи, Марьям, Томирис, Кира және Сафия енген. Ал ұл балалар арасында Бейбарыс, Алинур, Хақназар, Давид және Максим есімдері жиі таңдалған.

Жыл басынан бері Шығыс Қазақстан облысында шамамен 7 мыңға жуық туу туралы куәлік берілген. Оның ішінде 3 мыңнан астамы проактивті форматта, яғни ата-аналардың тікелей өтінішінсіз, цифрлық жүйе арқылы рәсімделген. Өткен жылдың осы кезеңімен салыстырғанда, мұндай қызмет түрін пайдаланушылар саны едәуір артқан. Бұл – тұрғындардың мемлекеттік цифрлық қызметтерге деген сенімінің нығайып келе жатқанын көрсетеді.

– Бала дүниеге келгеннен кейін жас анаға 1414 нөмірінен SMS-хабарлама келеді. Хабарламада бірнеше сұраққа жауап беріп, сәбиге қойылатын есімді көрсету жеткілікті. Осылайша туу туралы куәлік алу процесі айтарлықтай жеңілдейді әрі азаматтардың уақытын үнемдейді, – деді «Азаматтарға арналған үкімет» мемлекеттік корпорациясының ШҚО бойынша филиалының директоры Азамат Есембулов.

Мамандардың болжамынша, алдағы уақытта цифрлық қызметтер одан әрі дамыған сайын проактивті форматта тіркелетін туу фактілерінің үлесі арта түседі. Ал балаларға қойылатын есімдер статистикасы Шығыс Қазақстандағы әлеуметтік және демографиялық өзгерістерді талдауда маңызды көрсеткіштердің біріне айналмақ.

Дамир Омаров

Біздің Instagram парақшамызға жазылыңыз

Жаңалықтарды ең бірінші болып оқыңыз

жазылу