Шығыстың бас шаһарында той көрігі қызып жатыр. Мерекелік іс-шара барша ұлт пен ұлыстың алтын ұясына айналған Достық Үйі – Қоғамдық келісім орталығында жалғасты, деп хабарлайды Altaynews тілшісі.
Наурыз мейрамы – тұтастық пен татулықтың арқауы. Адам көңілі кірбіңнен арылып, көктемдей құлпыратын шақ. Айтулы күннің Достық үйінде мерекеленуі, оның маңызы мен мазмұнын тереңтеде түскендей.
– Бір шаңырақ астында біте қайнасқан халқымыз үшін бұл мерекенің жөні бір бөлек. Бүгін береке-бірлігі жарасқан ел екенімізді тағы бір мәрте көрсете алдық. Үздіксіз ұйымдастырылып жатқан мерекелік іс-шаралар осының айғағы. Татулыққа, ынтымаққа, бейбітшілікке үндейтін Наурыз мейрамы құтты болсын! – деді облыстық Достық үйі – Қоғамдық келісім орталығының директоры Эльдар Төлеубеков.
Іс-шара барысында өңір мәдениетінің дамуына үлес қосқан өнер иелері марапатталды. Бұдан бөлек, өскемендіктерді құттықтауға бүркітшілер ауылы атанып үлгерген Бозанбайдан белгілі құсбегі арнайы келіпті.
– Наурыз мейрамының аясы жылдан-жылға кеңейіп келеді. Әсіресе, соңғы уақытта ұлттық құндылықтарға көп көңіл бөлінуде. Сондықтан бүгін бүркітімді алып, балалар көріп-білсін деген ниетпен облыс орталығындағы тойға арнайы келдім, – дейді құсбегі Назипан Горький.
Шаһар тұрғындары мерекелік бағдарламаға дән риза екендіктерін жеткізді.
Өскеменде Наурыз мерекесі жыл сайын жоғары деңгейде атап өтіледі. Ұйымдастырушыларға алғыс айтқымыз келеді. Халық өте риза. Әманда еліміз аман, жұртымыз тыныш болсын! – деді қала тұрғыны Дәурен Сіләмқұлұлы.
Фото: Валерий Шведов