Өскемен көшелеріндегі шұңқырларды бітеу жұмыстары басталды
Өскемен қаласы әкімдігі "100 күнде 10 000 шұңқыр" жол шұңқырларын жөндеу бағдарламасын қолға алған болатын, деп хабарлайды Altainews.kz тілшісі.
Бүгін Өскемен қаласының әкімі Жақсылық Омар Есенберлин даңғылы, «Бәйтеректің» маңы, Қабанбай батыр көшесі мен Виноградов көшелерінде жөндеу жұмыстары барысымен танысты.
Бұл аймақтардағы шұңқырларды жөндеу туралы өтінішті қала тұрғындарынан түскен. Яғни, Telegram-бот (oskemen_bot) және мобильді қосымша арқылы қаланың кез келген тұрғыны жолдағы шұңқыр туралы хабарлай алады. Өтінімде өтініш білдіруші адам аты-жөнін, кері байланыс телефонын дұрыс көрсетуі, учаскенің орналасқан жерін бөлісуі, фотосуретті тіркеуі (дүкенге, аялдамаға немесе тұрғын үйге, әкімшілік ғимаратқа байланыстыру) қажет.
Халықтан түскен өтінішті алған мердігер компания жұмыс аяқталысымен өтініш білдірген адамға фотоесеп беруге міндетті.
Виноградов көшесіндегі жұмыстарды жүргізіп жатқан негізгі мердігер -"РемДор" ЖШС. Ол 205 млн теңгеге 37 мың шаршы метр аумақтың шұңқырын жөндеуі керек.