KZ
Өскемен
+13°
пасмурно жел 4 м/с, ОШ
504.34 556.34 5.97

Электронды үкімет платформасына жасанды интеллект технологиясы енгізіледі

Фото: Үкімет

1.04.2025, 15:30 186 Әбішев Ержан

Еліміздегі Электронды үкімет платформасы жасанды интеллект элементтерімен жаңартылмақ. Бұл тапсырманы премьер-министр Олжас Бектенов  цифрландыру министрлігіне жүктеді, деп хабарлайды Altainews.kz тілшісі.

– Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес жасанды интеллектті белсенді түрде енгізу қажет. Ең алдымен, электронды үкімет платформасында. Бұл ақпараттық жүйелердің үздіксіз жұмысын қамтамасыз етіп, халықтың мемлекеттік қызметтерге қолжетімділігін жеңілдетеді, – деді Үкімет басшысы.

2020 жылдан бері мемлекеттік қызметтерді оңтайландыру және бюрократияны азайту жұмыстары жүргізіліп келеді. Соның нәтижесінде электронды үкімет азаматтарға проактивті түрде қызмет көрсететін деңгейге жетті, енді көптеген қызметтерді алу үшін ешқайда барудың қажеті жоқ.

Мысал ретінде Олжас Бектенов жаңа туған нәрестеге ЖСН тағайындау процесін келтірді.

– Жүйе барлық қажетті процедураларды автоматты түрде орындайды. Азаматтан ешқандай өтініш талап етілмейді. Баланың туу туралы куәлігі СМС арқылы рәсімделеді, ал тиісті жәрдемақылар автоматты түрде тағайындалады, – деді ол.

Мемлекет пен екінші деңгейлі банктер арасындағы әріптестіктің арқасында азаматтардың онлайн қызметтерді қолдану деңгейі артып келеді.

– Негізгі міндет – мемлекеттік қызметтердегі бизнес-процестерді оңтайландыру. Азаматтар өзіне қажетті қызметті бар болғаны «екі рет басу» арқылы алатындай жүйе қалыптастыру қажет, – деді премьер-министр.

Цифрландыру министрлігіне жүктелген міндеттер – интернетпен қамту жобаларын уақытылы жүзеге асыру, шалғай елді мекендерді интернетпен қамтамасыз ету және ауылдық пошта бөлімшелерінде мемлекеттік қызметтерді қаржыландыру мәселесін шешу.
Сондай-ақ мемлекеттік органдармен бірлесе отырып, жыл соңына дейін Халыққа қызмет көрсету орталықтарында ең көп сұранысқа ие қызметтерді толық электрондық форматқа көшіру.

Бұл қадамдар азаматтардың мемлекеттік қызметтерге қолжетімділігін жеңілдетіп, бюрократияны қысқартуға мүмкіндік береді.

Біздің Instagram парақшамызға жазылыңыз

Жаңалықтарды ең бірінші болып оқыңыз

жазылу