KZ
Өскемен
+4°
пасмурно жел 2 м/с, В
488.26 530.54 5.03

Марқакөлге Зайсан ауданы көмек көрсетті

21.04.2024, 18:11 207

Жаңадан құрылған Марқакөл ауданының тыныс-тіршілігімен танысып, алты ай қыстан кейін ағайынның хал-жағдайын біліп қайту үшін іргелес жатқан Зайсан мен Тарбағатайдан керуен келді. 

Қос ауданның әкімдері мен мәслихат төрағалары бастап келген делегаттар құр қол келмей сый-сияпатын ала келіпті, деп хабарлайды Altainews.kz тілшісі.

Зайсан ауданының әкімі Аэлита Ахметсәлімқызы Төсқайың ауылдық округінің оқушыларына тәтті-дәмділер, киім-кешек, дәл қазіргідей жер батпақта киетін резеңке етіктер, ауыл тұрғындарына қажетті дәрі-дәрмек және басқа да заттарды көлікке тиеп әкелді.

“Зайсан ауданы Марқакөл өңірін қолдауға әрқашанда дайынбыз. Бүгін міне жаңа құрылып жатқан ауданға келіп, жағдайымен танысып қайттық. Кішігірім көмегімізді көрсеттік. Болашақта балалар ойнайтын заманауи алаң салып берсек деген ойдамыз. Сондай-ақ марқакөлдік кішкентай достарымды Зайсан ауданына келіп, өңірдің тарихымен, әлеуметтік нысандармен танысуға шықырып отырмын. Табиғаты әсем, Марқа өңірінің болашағы зор екенін айтқым келеді”, - деді Зайсан ауданының әкімі.

Ауыл тұрғындары әрқашан достық құшағы ашық Зайсанның бауырмал халқына алғыстарын айтып, ризашылықтарын жеткізді.

“Биыл бізде қыс қатты болды. Қар қалың жауды. Біраз отбасы жем-шөптен қиналып қалды. Сол кезде Зайсан халқы бізге қол ұшын беріп, 500 түк шөп жіберген еді. Міне осы жолы да жаңа ауданға қолдан келген көмегін беріп жатыр. Алғыстан басқа айтар жоқ. Бірлігіміз арта берсін”, - деді Төсқайың ауылының тұрғыны Бақытбек Тұратауов.

Марқа өңірінің тыныс-тіршілігімен танысқан Зайсан аудандық мәслихатының төрағасы Еркебұлан Зағыпаров ауылдастарының аманатын жеткізді.

“ШҚО әкімі Ермек Беделбайұлы жаңадан құрылған Марқакөл өңірінің жағдайымен танысып қайту ұсынысын Зайсан және Тарбағатай аудандары құп алып, бүгін міне шекаралық ауданға келіп, тұрғындармен кездесіп, ұсыныс-тілектерін тыңдадық. Жергілікті халық Марқаның жеке аудан болғанын жақсы қабылдап, туған жерінің дамуына бір кісідей атсалысуға дайын отырған құлшынысын көріп, риза болдым. Сонымен қоса Зайсан аудандық мәслихаты депутаттарының ыстық ықыласын жеткізіп, Төсқайыңдағы интернатта тұрып оқып жатқан балаларға спорттық киімдер табыс еттік. Енді еңсе тіктеп жатқан Марқакөлді демеп, қолдап жіберсек әлеуеті зор аудан тез-ақ дамып, гүлденіп кететініне сенім мол”, деді Еркебұлан Зағыпаров.

Көршілес аудандардың бұл ынтымақтастық байланысы болашақта әртүрлі бағытта дамып, нығая түспек. “Ынтымақты елдің ырысы мол” деп атам қазақ мұндайды бір ауыз сөзбен жеткізген. 

Біздің Instagram парақшамызға жазылыңыз

Жаңалықтарды ең бірінші болып оқыңыз

жазылу
Кликните на изображение чтобы обновить код, если он неразборчив