Күршімдіктер "Даңқ" аллеясында батырларды еске алды
Күршім ауданының тұрғындары Жеңіс күнінде "Даңқ" аллеясында жиналып, Отан үшін от кешкен батырлардың рухына бас иді, деп хабарлайды Altainews.kz сайты.
Салтанатты іс-шара басталмас бұрын бір минут үнсіздік жарияланып, жұртшылық шейіт болған майдангерлерді еске алды. Осыдан кейін аудан тұрғындары, мемлекеттік қызметкерлер, ардагерлер мен әскерилер ескерткіш тақтаға гүл шоқтарын қойды.
- Соғыстың болғаны, аталарымыздың ерлікпен шайқасқаны, аналарымыздың жанкештілікпен күрескені - бұлжымайтын ақиқат. Біз қашан да өткенін қастерлеген халықпыз. Сондықтан бүгін ел болып бейбіт күнді жақындатқан батырлардың рухына тағзым етіп, ардагерлерге құрмет көрсеттік. Мұндай тағылымды іс-шараның тәрбиелік маңызы да зор. Тарихты жаңғыртып, ерлікті дәріптеп, кейін ұрпаққа жеткізу бізге парыз, - дейді Күршім ауданының құрметті азаматы, аудандық ардагерлер кеңесінің мүшесі Бақытхан Өлмесеков.
Аудан әкімінің орынбасары Мейіржан Әлібеков көпшілікті айтулы күнмен құттықтап, лебіз білдірді.
Сондай-ақ мерекелік іс-шарада көрініс қойылып, патриоттық әндер шырқалды.