Жертөлеге құлаған әжей құтқарылды – ШҚО (видео)

Фото: ШҚО ТЖД баспасөз қызметі
Шемонаиха ауданындағы Первомайка кентінің зейнеткері таңғы сағат 4-те тосап алу үшін жертөлеге түсіп бара жатқанда биіктен сүрініп құлап, тұра алмай қалған.
Түстен кейін ғана көршілері әжейдің көмекке шақырған дауысын естіп, ТЖД мен полиция қызметкерлерін шақырыпты.
Оқиға орнына учаскелік инспектор, аға лейтенант Азамат Балтабаев пен кіші сержант Орал Азамбаев жедел жеткен, деп хабарлайды Altainews.kz тілшісі.
Құтқарушылар мен полицейлер арқанмен зейнеткерді жертөледен абайлап әрі ақырын алып шығып, жедел жәрдем дәрігерлеріне тапсырған. Қазір ол медициналық мекемедегі мамандардың бақылауында.
Учаскелік инспектор Балтабаев ішкі істер органдарында 10 жылдай қызмет етіп келеді. Тәртіп сақшысы азаматтарды мұқият болуға және төтенше жағдайлар кезінде 102 не 112 нөмірлеріне телефон соғуға шақырады.