Сенімсіз мердігерлер мен аяқталмаған жобалар: өзекті мәселелер талқыланды
Шығыс Қазақстан облысындағы құрылысы бірнеше жылға созылып, «сақалды» құрылысқа айналған проблемалы спорт нысандары қашан пайдалануға беріледі? Бұл өзекті мәселе ШҚО Қоғамдық кеңесі жанындағы Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл комитетінің алғашқы отырысында жан-жақты талқыланды. Жиын жаңартылған құраммен өтті, деп хабарлайды Altainews.kz тілшісі.
Комитет жетекшісі Әнуарбек Мұхтархановтың төрағалығымен өткен жиында Катонқарағай ауданындағы «сақалды» құрылыстардың жағдайымен қатар туризм саласындағы жемқорлық тәуекелдеріне сыртқы талдау қорытындылары және әлеуметтік маңызы бар азық-түлікті сату мәселелері сөз болды.
Шығыс Қазақстан облысы бойынша сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл департаменті басшысының бірінші орынбасары Асылхан Ашиков комитет мүшелерінің жұмысына сәттілік тілеп, өткен жылы атқарылған жұмыстарға қысқаша тоқталды.
Асылхан Амангелдіұлының айтуынша, былтыр Комитет сегіз отырыс өткізіп, отыз ұсыныс дайындаған. Жыл бойы олардың барлығы жүзеге асырылып, орындалған. Бұл комитет жұмысының тиімділігін көрсетеді.
Өңірде құрылысы үш-төрт жылға созылып кеткен бірнеше нысан бар. Антикоррупциялық қызмет, «Аманат» партиясы және қоғам белсенділері бұл нысандарды бірнеше рет аралағанын айта кеткен жөн. Проблемалық нысандардың екеуі Катонқарағай ауданында салынып жатыр.
Аудан әкімінің орынбасары Расул Карабалиновтың айтуынша, Топқайың ауылындағы су құбырларын қайта құрастыру 2021 жылы басталып, 2024 жылдың маусымында аяқталуға тиіс болған. Алайда, құрылыс тек 80%-ға орындалған. Қалған жұмыстарға сорғы станциясына жабдық орнату, аумақты абаттандыру және іске қосу-реттеу шаралары кіреді. 2024 жылдың шілдесінде жұмыстар қайта жанданса да, қазіргі таңда тағы да тоқтап тұр. Әкімнің орынбасары бұл нысанның 2025 жылдың 30 маусымында толық аяқталатынын жеткізді.
Катонқарағай ауылындағы дене шынықтыру-сауықтыру кешенінің құрылысы да 2020 жылы басталып, 2025 жылы аяқталуға тиіс. Құрылыс жұмыстарының 95%-ы орындалғанымен, электр қуатына қарыздың болуына байланысты желдету жүйесін сынақтан өткізу мүмкін болмаған. Сондай-ақ, ауа райының қолайсыздығына байланысты абаттандыру жұмыстары да кешіктірілген. Расул Мырзабекұлы бұл нысан да 30 маусымда пайдалануға берілетінін айтты.
Облыстық құрылыс, сәулет және қала құрылысы басқармасы басшысының орынбасары Саят Тойкенов “сақалды” құрылыстарда жұмыстар баяу әрі үзіліспен жүріп жатқанын мойындады.
Басқарма басшысының орынбасарының айтуынша, құрылыстардың кешігуіне тағы бір себеп — бас мердігер «QazConstructions» компаниясының мәселелері. Компания басқа облыста лицензиясынан айырылғандықтан, біздің өңірде жұмысын жалғастыра алмаған. 14 наурызда лицензиясын қайта алғаннан кейін ғана компания жұмысты жандандыруға мүмкіндік алды. Саят Ерланұлы Марқакөл мен Үлкен Нарын ауылдарындағы дене шынықтыру-сауықтыру кешендерін жыл соңына дейін пайдалануға беруге уәде берді.
Мұндай сенімсіз мердігерлер халықтың билікке деген сеніміне кері әсер етуі мүмкін. Сондықтан комитет мүшелері алдағы уақытта әлеуетті мердігерлермен жұмысты күшейту қажеттігін атап өтті.