ШҚО-да мыс өндіру кенішін жою кезінде су ластанып, тау опырылған
pixabay.com
ШҚО мамандандырылған табиғат қорғау прокуратурасы «Востокцветмет» ЖШС кенішті жою технологиясын бұзғанын анықтаған.
Бұрынғы Юбилейно-Снегирихинское кен орнының шахта суларының өздігінен ағуы нәтижесінде Малая Карагужиха өзені металдармен ластанған және Глубокое ауданындағы Снегириха тауы опырылған, деп хабарлайды Altainews.kz тілшісі ШҚО прокуратурасы ақпаратына сүйеніп.
ШҚО мамандандырылған табиғат қорғау прокуратурасы бұл «Востокцветмет» ЖШС кенішті жою технологиясын бұзуы салдарынан орын алғанын анықтады.
Осыған қарамастан, уәкілетті мемлекеттік органдардан тұратын комиссия кен орнын жоюды қабылдау актісіне қол қойған.
ШҚО мамандандырылған табиғат қорғау прокуратурасы кенішті жою бойынша қабылдау актісінің күшін жою туралы сотқа талап арыз берді. Сот арызды қанағаттандырып, кенішті жою жөніндегі комиссия актісі заңсыз деп танылып, күші жойылды. Апелляциялық орган сот актісін күшінде қалдырды.
Қазіргі уақытта прокуратура «Востокцветмет» ЖШС-ын заңмен белгіленген жауапкершілікке тарту, сондай-ақ кеніштің тиісті жойылуын қамтамасыз ету және қоршаған ортаның ластану себептерін жою бойынша шаралар қабылдауда.