KZ
Өскемен
-1°
снег жел 6 м/с, Ю
529.65 544.64 5.16

Тұтынушылар құқықтарын қорғауда 2024 жылы азаматтар белсенділігі артты

istockphoto.com

Бүгін, 18:00 66 Төлеуғазы Жансая

Шығыс Қазақстан облысында тұтынушылардың құқықтарын қорғау саласы қарқынды дамып келеді. 2024 жылы тұрғындардан түскен өтініштер саны өткен жылмен салыстырғанда 34%-ға артты. Бұл – халықтың өз құқықтарын білуге және қорғауға деген ұмтылысының артқанын көрсетеді.

2024 жылы Департаментке 920 өтініш келіп түсті. Өтініштер Eotinish.kz платформасы, жедел байланыс телефоны, Telegram-бот және азаматтарды қабылдау арқылы тіркелді. Өтініштердің басым бөлігі келесі салаларға қатысты болды:

Бөлшек сауда (42%): сапасыз тауарларды қайтару немесе алмастыру мәселелері.

  • Электрондық сауда (25%): тауарды жеткізудің кешігуі, сапаның сәйкес келмеуі және қайтару кезіндегі қиындықтар.
  • Тұрмыстық қызметтер (20%): жиһаз жасау, жөндеу, пластикалық терезе мен есік орнатудағы сапасыз қызметтер.
  • Сонымен қатар, тұрмыстық-коммуналдық қызметтер, қоғамдық тамақтандыру және білім беру салаларына қатысты өтініштер саны да артты.

Департаменттің жұмысы арқасында тұтынушыларға 27 млн теңгеден астам қаражат қайтарылды, бұл өткен жылмен салыстырғанда 95%-ға көп. Сонымен қатар, 23 сот ісіне қатысқан Департамент тұтынушылардың пайдасына шамамен 20 млн теңгенің қайтарылуына ықпал етті.

Өтініштер санының өсуі халықтың құқықтық сауаттылығының артып келе жатқанын көрсетеді. Тұрғындар өз құқықтарын қорғауға белсенді түрде атсалысып, сапасыз қызмет пен тауарлардан зардап шеккен жағдайда дереу шара қолдануға тырысады.

Департамент жұмысының басты мақсаты – тұтынушылардың құқықтарын қорғап қана қоймай, халықтың өмір сүру сапасын жақсарту.

2024 жыл тұтынушылардың мүддесін қорғаудағы маңызды жетістіктерімен есте қалды. Алдағы уақытта бұл салада тағы да тың өзгерістер күтілуде.

Біздің Instagram парақшамызға жазылыңыз

Жаңалықтарды ең бірінші болып оқыңыз

жазылу