KZ
Өскемен
+17°
ясно жел 1,5 м/с, ОШ
474.57 513.63 5.53

Мемлекеттік қызметтің майталманы

Фото: Анель Слямғазықызы

4.07.2024, 11:10 266 Ержан Әбіш

Мемлекеттік қызметте ұзақ жыл жемісті еңбек етіп биыл құрметті зейнетке шыққан облыстық ішкі саясат басқармасының бас маманы Маратбек Чамбилов – бар өмірін өңірдің гүлденуі жолына арнаған, қоғамдағы тыныштық пен тұрықтылықты нығайтуда аянбай тер төккен жан. Ардагер жиырма екі жыл жиырма екі күн мемлекеттік қызмет саласында еңбек етіпті, деп хабарлайды Altainews.kz тілшісі. 

 

Ол – Марқакөл ауданындағы Қарой ауылының тумасы. Орта мектепті ойдағыдай бітірген соң, 1978 жылы ол Шығыстың іргелі білім ордасы – Өскемен педагогикалық институтына оқуға түсіп, физика және математика пәндерінің мұғалімі деген абыройлы мамандықты алып шықты. Бірден-ақ өзінің туған ауылына оралып, мектепте он сегіз жыл бойы мұғалім болып еңбек етті, жеткіншектерге математика әлемінің қыр-сырын үйретті.

Тоқсаныншы жылдардағы тоқырау ел экономикасын теңселтіп жіберді. Әсіресе, ауылдардағы жағдай қиындай түсті. Шалғай елдімекендердің тұрғындары өндірістік шаһарларға жаппай тартыла бастады. Аудандар таратылып, бір-біріне қосылып жатты. Өкінішке қарай, 2000 жылдары аудан мәртбесенінен айырылған Марқакөл өңірінің халқы да үдере көшті. Жұрт арасында «Ел ауған заман» аталып кетті сол кезең.

Бір қыста баласы сырқаттанып, тиісті медициналық көмек керек болған соң көппен бірге Маратбек ағамызға да қала жаққа көшуге тура келді. Өскеменге келісімен 2001 жылы байқауға түсіп, мемлекеттік қызметке, облыстық ішкі саясат департаментіне жұмысқа орналасты. Аталмыш департамент сол кезде жаңадан құрылып жатқан болатын, кейін басқарма болып өзгерді. Міне, нақ осы мекемеде Маратбек Чамбилов зейнеткерлік жасқа жеткенше табан аудармай қызмет етіп шықты.

– Кеш те болса өзімнің бұрынғы әріптестерімді кәсіби мерекелерімен құттықтаймын. Мемлекеттік қызмшілердің жұмысы көпшілікке көріне бермейді. Тау қопарып, тас жарып жатпаса да, олардың күнделікті тынымсыз еңбектерінің нәтижесінде мемлекетіміздің алға қадам басып, еліміздің еңсе көтеріп келетіні жасырын емес. Олар өздеріне жүктелген міндеттерді лайықты атқарып жатыр деп санаймын, – деген Маратбек Имашұлы ұжымы мен басшылық тарапынан әрқашан үлкен қолдау көргенін атап өтті. Мемлекеттік қызметте бірге жұмыс істеген әріптестеріне өз алғысын білдіріп, еңбектеріне табыс тіледі.

 

Кейіпкеріміздің өмірлік жары Гүлжан Аязбиқызы да Өскеменнің пединститутын бітірген екен. Қалаға көшіп келген соң зауыттардың біріне лаборант болып орналасқан. Биыл ол кісі де зейнетке шығып отыр. Олардың қос ұлдары да үйлі-баранды, ел қатарлы өз қызметтерін атқарып жүр. Құдай берген бес немересі өсіп келеді.

Зейнетке шыққан соң бұрынғы мемлекеттік қызметшінің бос уақыты көбейген. Жиырма жылдай көпқабатты үйде тұрған ол осыдан екі жыл бұрын жер үйге көшіп алғанын айтады. Жерде өскен, ауылдық жердің баласы ғой. Жер үй болған соң шаруа жетеді, есік алдында бау-бақша бар дегендей. Соларды күтіп, немерелерді ойнатып жүрген жайы бар.

– Мемлекеттік қызмет табандылық пен жауапкершілікті талап етеді. Көп жағдайда қазіргі жастар осы қызметке келеді де тез кетіп қалады. Оны байқап жүрмін. Мүмкін қиындыққа шыдамайды, мүмкін басқа бизнеске қарағанда айлық жағы төмендеу болар. Бірақ бәріне айтар едім, не нәрсеге де болса шыдам мен ізденімпаздық керек, – деп жастарға деген ақыл-кеңесін айтты ардагер ағамыз.


Біздің Instagram парақшамызға жазылыңыз

Жаңалықтарды ең бірінші болып оқыңыз

жазылу
Кликните на изображение чтобы обновить код, если он неразборчив