Азия чемпионы Әли Бекенғазыны жанкүйерлері қошеметпен қарсы алды – ШҚО
Өскемендегі теміржол бекетінен грек-рим күресінен жасөспірімдер арасындағы Азия чемпионы Әли Бекенғазыны туыстары мен жанкүйерлері зор құрмет-қошеметпен қарсы алды. Шашу шашылып, ән әуеледі, күй төгілді, деп хабарлайды Altainews.kz
Сары құрлық бәсекесі Таиландтың Сирача қаласында өтті. Дүбірлі додада Азияның он елінен кіл мықтылар бақ сынады. Олардың қатарында 85 келі салмақта ел намысын қорғаған шығысқазақстандық жас балуан Әли де бар. Бұл салмақ дәрежесінде жерлесімізбен жүлдеге сегіз спортшы таласқанын айта кетейік.
Әлиді күреске осыдан сегіз жыл бұрын әкесі алып келіпті. Алғаш бозкілемге шыққанда-ақ оның бұл спорт түріне қызығушылығы оянып, ары қарай тиянақты айналысуға бел буған. Содан бері ол өзінің чемпион болып, еліміздің көк байрағын биікте желбіретсем деген мақсатына қарай ақырын жүріп анық басты. Нәтижесі міне, табанды еңбек пен талаптың арқасында талантты жасөспірім жеңіс тұғырының биігінен көрініп отыр.
Айта кетейік, бұл жыл жас спортшы үшін жемісті жалғасып жатыр. Осының алдын ғана ол Қазақстан біріншілігінде топ жарған еді. Енді мінеки Азия чемпионы атанды. Алда Әлем біріншілігі тұр. Оны бағындырар күн де алыс емес деп сенейік.
Фото: Аяужан Утеулинова